Білім

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да мектеп оқушылары үшін “Ашық есік күні” шарасы ұйымдастырылды

Кез келген қала тұрғыны университеттің жаңа корпусының ішіне кіріп, аралағысы келеді. Мектеп оқушылары үшін тіпті қызық. Бүгін ұл-қыздар осыған дейін тек әлеуметтік желілерден көрген заманауи 11 қабатты нысанның табалдырығын аттап, өздерін бір сәт студент сезінді. Себебі, өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орнында “Ашық есік күні” шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында болашақ абитуриенттер университетпен жақын танысу мүмкіндігіне ие болды.

АЗАМАТ ЖИКЕЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ Басқарма мүшесі:

– Бүгінгі шараға тек қала мектептерінің оқушылары ғана шақыртылды. Болашақ студенттер үшін “Ашық есік күнін” жиі ұйымдастырған дұрыс деп ойлаймын. Оқу ордасында ұл-қыздарға көрсететін қаншама дүние бар. Біз осы арқылы оларды өзімізге оқуға түсуге шақырамыз. Айта кетейін, мамандарымыз облыс аудандарына барып, ондағы оқушыларды жергілікті білім ордасының студенті болуға шақырады. Осындай жұмыстар жыл он екі жүргізіледі.

Қаланың қақ ортасында орналасқан әсем ғимараттың іші кең, керектігінін бәрі бар. Қыз-жігіттер әр кабинетке бас сұғып, таңданыстарын қақты. Ұл-қыздарға арнап әр факультеттің оқытушылары мен студенттері көрме ұйымдастырды. Онда оқушылар білім ордасы жайында бар ақпаратты біле алады. Ал университеттің белсенді жастары жиылғандардың көңілін барынша көтеруге тырысты. Қызықты ойындар ойнатып, түрлі викториналар ұйымдастырды.

Ұлжан Таупықова – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 11-сынып оқушысы. Нәзікжанды қазіргі таңда ҰБТ-ға тыңғылықты дайындалуда. Ол мектепті аяқтағаннан кейін “Ақпараттық технологиялар” мамандығы бойынша шетелдік университеттердің біріне оқуға түскісі келеді. Бұрымдының бүгінгі күннен бастап ойы толықтай өзгерді. Себебі, ол әсем заманауи нысанды көрді, Петропавлда жүріп-ақ Америкаға баруға болатынын білді.

ҰЛЖАН ТАУПЫҚОВА, Әбу Досмұхамбетов атындағы ОДБМГИ 11-сынып оқушысы:

– Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылының тумасымын. ҰБТ-ға математика-информатика пәндерін таңдадым. Сыныптастарыммен бірге жаңа корпусты аралап жүрміз. Бізге бәрі ұнап жатыр.

Игі шара аптаның соңына дейін жалғасады. Бүгінгі басқосуға барлығы – 400-ге жуық оқушы қатысты. Осындай іс-шаралар жергілікті университетке түсетін студенттердің санын арттыруға зор септігін тигізеді.

 

Нұрасыл Ахмет