Петропавлда Ислам мәдениеті музейі бар екенін тұрғындардың көбі біле бермейді. Ғимараттың ішіне кірсең таңғажайып күй кешесің. Тарихи нысан өткеннен сыр шертеді. Кіреберісінде ғимараттың қалыптасу тарихы жазылған құжат тұр. Ал ішкі залда Құран, діни кітаптар мен бірнеше құнды дүние көзге түседі. Жәдігерлер еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден әкелінген. Тіпті, мұсылмандардың қасиетті қаласы болып саналатын Меккеден де алдыртылған заттар бар.
АЛҚАДИЯ АХМЕТБЕКОВА, Ислам мәдениеті музейінің экскурсия жүргізушісі:
– Ислам мәдениеті музейі 2023 жылы ашылды. Мұнда өткен ғасырларда Петропавл қаласында болған мешіттердің тарихы жайлы ақпараттар бар. Музей 1857 жылы бой көтерген.
Құлшылық ету орны солақай саясаттың кесірінен талай жыл Киров атындағы зауыттың қоймасы болған. Жаңғырту жұмыстарына мемлекет есебінен 600 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Музейдегі ең көне жәдігер 14-ші ғасырдан бері сақталып келе жатыр екен. Осы ретте Алқадия Жайыққызы бізбен Кеңес үкіметі кезінде Петропавлда болған мешіттердің тарихымен бөлісті.
АЛҚАДИЯ АХМЕТБЕКОВА, Ислам мәдениеті музейінің экскурсия жүргізушісі:
– Кеңес үкіметі кезінде Петропавлда 9 мешіт болған. 7,8,9-ші мешіттер бұзылып, қазір орнына көп қабатты үйлер салынған. 2-ші собор мешіті патшайым Екатерина-2-шінің бұйрығымен қаланған. Құрылыс жұмыстарына қазынадан 5 мың рубль бөлінген.
Тарихи нысан дүйсенбі ғана жұмыс істемейді. Қалған күндері облыс тұрғындары мен қонақтары үшін ғимараттың есігі айқара ашық. Музейді аралау үшін адамдар 300 теңге ғана төлесе жеткілікті. Айта кету керек, ай сайын музейге 500-ден астам адам келіп, Ислам мәдениетімен танысады екен.
Нұрасыл Ахмет