МТРА жаңалықтары

Биыл СҚО-да 800 шақырым жол жөндеу көреді

Автокөлік жолдарының жай-күйі – еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Дәл осылай деп Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқан болатын. Президент әр өңірде осы салаға ерекше назар аударуды тапсырды. Жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Оған дәлел – Салқынкөл мен Имантау ауылдарындағы көпір жөнделуде. “Петропавл-Жезқазған” тасжолындағы орташа жөндеу жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Осы ретте біз облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаевпен тілдестік. Ол бейінді басқарма өткен жылы қандай іс атқарғандығы жайында баян етіп, 2025 жылға деген жоспармен бөлісті.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– СҚО-ның жолдар желісінің ұзындығы 8,4 мың шақырымды құрайды. Оның 2 мыңы – республикалық, тағы 2 мыңы – облыстық жолдар. 2024 жылы мың шақырымнан астам жол жөндеу көрді.

Биыл өңірде 800 шақырымнан астам жол жөндеу көреді. Ал жоғарыда айтқан “Петропавл-Жезқазған” автожолындағы маңызды іс биыл аяқталады. Яғни, теріскейліктер облыс орталығынан үш жүздің басы қосылған өлкеге тақтайдай тегіс асфальтпен баратын болады.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Елді мекендердің көшелерін жөндеуге көп көңіл бөлінуде. Биыл 55 ауылдың ішкі жолдарын қалыпқа келтіруге 8,2 млрд теңге бөлінді. Жұмыс 34 ауылда аяқталды, 110 шақырым тақтайдай тегіс болды. Ал қала ішіндегі жолдарға тоқталсақ, 2024 жылы шаһардағы 53 көше асфальтталды. Оның 39-ы бұрын-соңды жөндеу көрмеген.

Облысымыздағы жол мәселесін айтқанда бірден Уалиханов, Ақжар аудандары еске түседі. Жасыратыны жоқ, Талшық пен Кішкенекөлдің арасындағы асфальтті көрсең көңілге қаяу түседі. Тұрғындар 30 шақырым жолды еңсеру үшін 1,5-2 сағат уақыттарын жұмсайды. Бұл мәселе де ағымдағы жылы өз шешімін таппақ.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Биыл Талшық пен Бидайық арасындағы 67 шақырым жол жөнделеді. Байқау өткізілді. Маңызды іспен ақмолалық серіктестік айналысады. Жұмыс барысын мамандарымыз жіті бақылайтын болады.

Аймақтағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 8 мың 400 шақырымды құрайтынын айттық. Бұл көрсеткіш бойынша өлкеміз елде екінші орында тұр. Сондықтан, аталған сала назар аударуды қажет етеді.

 

Нұрасыл Ахмет