ТКШ

Бірінші көтергіш сорғы станциясындағы жұмыс наурызда аяқталады

Өткен жылдың көктемінде Петропавлдың іргесіндегі бірінші көтергіш сорғы станциясы істен шыққаны мәлім. Мұндағы нысан мен электр бағандарын мұз соқты, топан су кірді. Осының салдарынан қала тұрғындары тіршілік көзінің тапшылығын сезінді. Ал бүгінде станция қайтадан жаңғыртылып жатыр.

Іске білек сыбына кіріскен мамандар маңызды жұмыстың басым бөлігін тындырды. Нысанның аумағындағы қоршау бірден көзге түседі. Бұл – станцияны қорғайтын ендігі қалқан.

АНДРЕЙ ФОМИЧЕНКО, “Қызылжар су” ЖШС бас инженері:

– Қазіргі таңда қорғаныс бөгетінің құрылысы толықтай аяқталды. Ол станцияны қоршап тұр. 1,5 метрлік қалқан қиыршық тастардан тұрады. Өте берік саналады. Түрлі соққыларға шыдас береді деген сенім мол.

Станция демеушілік қаржыға жаңғыртылып жатыр. Еліміздегі іргелі компаниялардың бірі 3,5 млрд теңге бөлген. Ал жұмыспен айналысушы – бұл салада тәжірибесі бар алматылық ұйым.

АНДРЕЙ ФОМИЧЕНКО, “Қызылжар су” ЖШС бас инженері:

– Құрылыс-монтаждау және әрлеу жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда технологиялық кезеңге келіп жеттік. Яғни, енді технологиялық жабдықтар мен автоматтандырылған жүйелерді ауыстырамыз. Аса маңызды кезең саналады. Бұған дейін қосалқы трансформатор станциясын жоғары көтердік.

Станциядағы сорғыларға бөлек тоқталған жөн. Бұрынғы жабдықтардың бірі де қалмайды. Барлығының орнын жаңасы баспақ.

АНДРЕЙ ФОМИЧЕНКО, “Қызылжар су” ЖШС бас инженері:

– Осы жерден және қашықтықтан басқарылатын сорғылар ортатылады. Заманауи, европалық үлгідегі сорғылар жеткізілді. Оның 2-еуі жұмыс істесе, 2-еуі қосымша ретінде тұрмақ. Олардың басты артықшылығы, жабдық су басқан жағдайда да жұмыс істейді.

1974 жылы салынған бірінші көтергіш сорғы станциясын жаңғырту жұмысы маусымда бастау алды. Жоспар бойынша маңызды жұмыс наурызда мәресіне жетеді.

 

Байболат Құлтанов