Таяу арада Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментіне Астана қаласының тұрғыны шағыммен жүгінген. Елордалық азамат Бескөл ауылында үй салмақшы болады. Бірақ, аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары оған екі рет түрлі сылтау айтып, өтінішін қайтара берген. Кейін астаналық тұрғын бейінді департаментке хабарласады. Мамандар мәселенің анық-қанығын анықтады.
ДИНА ӘМРИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– Шағымды қарау нәтижелері бойынша департамент бірінші жағдай бойынша негізсіз бас тарту фактісін анықтады. Сонымен қатар, бөлім бас тартуда жобаланатын объектінің дұрыс аталмағанын көрсетпегенін анықтады. Бұл – мемлекеттік көрсетудің екінші рет бас тарту себебі. Осылайша қызмет алу кезінде бюрократия құрды.
Одан бөлек бөлім қызметкерлері өтініш берушінің өтінімін қайтарып берген кезде оған бұл жайлы белгі де бермеген. Яғни, олар азаматқа хабарласып, кездесу өткізіп немесе хаттама жіберулері қажет болған. Бірақ, бұның ешқайсысы орындалмапты.
ДИНА ӘМРИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– Жол берілген бұзушылықтар үшін бөлім басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі күні департаменттің араласуынан кейін көрсетілетін қызметті алушы сәулет-жоспарлау тапсырмасын алды. Осылайша көрсетілетін қызмет алушының заңды мүдделері мен бұзылған құқықтары толық қалпына келтірілді. Сондай-ақ, тұрғын үй салу үшін қажетті келесі кезеңге өтті.
Жалпы, департамент мамандары былтырдан бері 12 азаматтың құқығын қалпына келтірген.
Мәдина Қаби