Спорт

Петропавлда тоғызқұмалақтан облыстық чемпионат өтті

Ұлттық спортты ұлықтаған қыз-жігіттер облыс орталығында бас қосты. Петропавлда тоғызқұмалақтан облыстық чемпионат ұйымдастырылды. Тартысты жарысқа аудан мен қала, мектеп пен колледжден келген 21 жасқа дейінгі жастар қатысты. Шалақындық Айнұр Қайырбекованың бұл спорт түріне ден қойғанына 7 жылдай болған. Қазір жасы 16-да. Біршама уақыттың ішінде біраз жетістікке де жеткен екен.

АЙНҰР ҚАЙЫРБАЕВА, жарысқа қатысушы, Шал ақын ауданы:

– Облыстық турнирлерден бірінші орынды бірнеше рет иелендім. Тараз, Шымкент, Ақтау қалаларына бардым. Тоғызқұмалақ сабырлыққа үйретеді және ақыл-ойды дамытады. Маған тоғызқұмалақты ауылымыздың жаттықтырушысы Айбек Мұратбек үйретті. Менің жасымнан қатысушылар саны 15 екен.

12 жасар Ерхан Қабдрахман Петропавл қаласының атынан шығып отыр. Жеткіншектің осы спорт түрімен айналысып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы бүгінгі сайыстан тек жеңіс күтеді.

ЕРХАН ҚАБДРАХМАН, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Мен 6 жаста болғанда мектепте тоғызқұмалақтан үйірме ашылған еді. Содан бері үзбей барып жүрмін. Маған осы спорт түрі қатты ұнайды. Үйірмеге мен сияқты 20 шақты бала барып, тоғызқұмалақты үйренеді.

Жиналғандардың көбі – тоғызқұмалақ десе ішер асын жерге қоятындар. Бірнеше жылдық тәжірибелері барлар да, енді ғана бастап келе жатқандар да аз емес. Осы орайда ұйымдастырушылар аталған спорттың өңірде қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

МЕЙРАМБЕК ӨТЕНОВ, тоғызқұмалақтан СҚО аға жаттықтырушысы:

– Тоғызқұмалақтың дамуына қазір үлкен үлес қосып жатқан облысымыздың Қажымұқан атындағы ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер мектебі бар. Біз наурыз айында Қостанай қаласымен келісімшарт жасасып, сол жаққа ойыншыларды жібермекшіміз. Осыған қарап-ақ өңірімзде аталмыш спорт түрінің қарқынды дамып келе жатқанын аңғаруға болады.

Жалпы, облыстық чемпионатқа 80-ге тарта жас қатысты. Жеңімпаздар республикалық жарысқа жолдама алды. Жүзден жүйрік атанғандар наурыз айында Орал қаласына барып, облыс намысын ел чемпионатында қорғайды.

 

Мәдина Қаби