Петропавлдың Борки кентінде шаңғымен жүгіруден жастар мен жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионаты өтті. Ұл-қыздар жас ерекшелігі бойынша 5 топқа бөлінді. Жарысқа өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 150-ден астам спортшы қатысты.
Ауа райы өте суық. Сықырлаған саршұнақ аяз бет қаратпайды. Бірақ, табиғаттың мұндай қыңыр мінезі спортты жаны сүйетін жастарға еш кедергі емес. Айта кету керек, жарысқа қатысып жатқан ұл-қыздардың ең үлкені – 21-де, ең кішісі – 8 жаста.
РИНАТ МУХИН, шаңғымен жүгіруден СҚО бас жаттықтырушысы:
– Бүгінгі жарысқа күннің суықтығына байланысты кейбір спортшылар келе алмай қалды. Соның өзіңде 150-ден астам бала жиналып отыр. Бұл да жақсы көрсеткіш. Өңірімізде спортты серік еткен жастардың көп екені қуантады. Чемпионат 2 күнге созылады. Бүгін қатысушылар еркін жүріс бойынша сынға түссе, ертең классикалық стильде бақ сынайды. Осы сияқты додаларды жиі өкізуге тырысамыз. Себебі, спортшы жарысқа қатысу арқылы ғана өседі ғой. Жалпы, шаңғымен жүгіру иммунитетті нығайтып, бұлшық ет жұмысын жақсартады. Сондықтан, жеткіншектерді аталған спорт түрімен айналысуға шақырамын.
Егор Лейчук – Аққайың ауданынан келген жеткіншек. Ол шаңғы жарысымен 4 жылдан астам уақыт айналысады. Талай республикалық додада жүлдегер атанған. Облысымызда Егорға тең келетін қарсылас жоқ. Бүгін де ол бәсекелестерін шаң қаптырып, мәре сызығын бірінші болып кесті.
ЕГОР ЛЕЙЧУК, жарысқа қатысушы, Аққайың ауданы:
– Чемпионат мен үшін оңай болды. Бір өкініштісі, жарыс жолында досым құлап қалып, сайысты аяқтай алмай қалды. Әйтпесе, маған біршама қарсылық көрсетер еді. Аталған спорт түрімен айналысуға әкем себеп болды. Болашақта Владимир Смирнов, Алексей Полторанин сынды олимпиада және әлем чемпионы болғым келеді.
2 күнге созылған жарыста Аққайың ауданынан келген жастар жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Айта кету керек, сайыста жеңімпаз бен жүлдегер атанғандар өңір намысын ақпан айының басында Павлодар қаласында өтетін ел чемпионатында қорғайтын болады.
Нұрасыл Ахмет