Спорт

Петропавлда конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты өтіп жатыр

Петропавлда конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты өтіп жатыр. Ептілік пен төзімділік сыналатын сайысқа қала және облысымыздың 2 ауданынан келген 80-ге жуық спортшы қатысуда. Олар жас ерекшелігіне қарай 4 топқа бөлініп, 4 қашықтықта сынға түседі.

Жалпы, конькимен жүгіру спорты өңірімізде қарқынды дамыған. Ұлттық құраманың жартысы – солтүстікқазақстандық спортшылардан құралған. Олар: Олимпиада қатысушысы Роман Креч, әлем чемпионаты мен кубогының жүлдегерлері Надежда Морозова және апалы-сіңлілі Шумековалар. Республикалық додаларда жеңімпаз атанғандары да қаншама. Толағайларымыз бұл жетістіктерге облысымызда әлемдік стандарттарға сай келетін коньки алаңы болмаса да жеткен. Заманауи нысан салынса, әр жарыстан уыс-уыс медаль әкелетіндігі сөзсіз.

ОЛЬГА ИХТЕНДРИС, жарыстың бас төрешісі:

– Өздеріңіз білетіндей, ақпанның 7-14 аралығында Қытайда қысқы Азия ойындары өтеді. Дүбірлі додада теріскейлік 5 конькимен жүгіруші ел намысын қорғайтын болады. Осыдан-ақ, өңірімізде аталған спорт түрі қарқынды дамып жатқанын көре аламыз. Бүгінгі жарысқа қатысып жатқандар – сол толағайларымыздың ізбасарлары. Чемпионатқа тоқталсам, мысалы әр топта 20 спортшы болса, оларды екі-екіден жарыстырамыз. Содан соң уақыттарын жазып алып, жеңімпазды анықтаймыз. Сайыстан кейін облыс құрамасын жасақтайтын боламыз.

Чемпионатта талай республикалық додаларда жеңімпаз атанған жеткіншектер де өнер көрсетті. Соның бірі – Алина Мухоряпова. Бұрымды – 17 жаста. Коньки жарысымен 11 жылдан астам уақыт айналысады екен. Ол бүгінгі жарыстың басты фавориті саналады.

АЛИНА МУХОРЯПОВА, Қ.Байболов атындағы облыстық мамандандырылған БЖСМ тәрбиеленушісі:

– Чемпионатқа тыңғылықты дайындалдым. Талай рет облыс чемпионы атансам да қарсыластарымды бағаламауға болмайды. Спортта бәрі болуы мүмкін. Болашаққа деген мақсатым айқын. Бәрі уақытымен болады. Тек талмай еңбек етсем болғаны. Шамамен 10 жылдан кейін Олимпиаданың ең биік тұғырында тұрып, әнұранымызды шырқатқым келеді.

Облыс чемпионаты ертең өз мәресіне жетеді. Жеңімпаз бен жүлдегер атанғандар наурыз айында Астанада өтетін ел чемпионатында өңір намысын қорғайтын болады.

 

Нұрасыл Ахмет