Спорт

Петропавлда кекушинкай-каратедан облыстық чемпионат ұйымдастырылды

Петропавлда енді ғана карате спортына бет бұрып жүрген жандар үшін кекушинкай-каратеден облыстық чемпионат өткізілді. Оған облыстың түкпір- түкпірінен 4 жастан бастап одан жоғары жастағы жастар қатысты. Қатысушылардың дәрежелері бірдей, баршасының белбеуі, әзірге, ақ.

Ортада – кезекті тартыс. Әлихан Сүйлейменов – Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы. Ол біраз тартыса жүріп ақыры қарсыласын жеңді.

ӘЛИХАН СҮЛЕЙМЕНОВ, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Мен каретемен 2 жыл бойы айналысып келемін. Бір жыл денсаулығыма байланысты демалыс алдым. Жақында ғана денсаулығым қалпына келіп, қайтадан жаттығуды бастадым. Мені сайысқа әкем дайындады. Салмағым бойынша қатысушылар саны да көп екен. Соған қарамастан бірінші орын алуға тырысамын.

Жалпы, өзін сынаймын деп келген қатысушылар саны 400-ге жуықтайды.
Бүкілқазақстандық кекушинкай карате ұйымы облыстық филиалының директоры Владимир Витченконың айтуынша, бүгінгі доданы өткізудегі мақсат – биылғы жылдың үздік спортшысын анықтау ғана емес, жас буынды спортқа баулып, шымыр боп өсулеріне ықпал ету.

ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, Бүкілқазақстандық кекушинкай карате ұйымы облыстық филиалының директоры:

– Каратеден сайысты біз жылда ұйымдастырамыз. Өңірде, негізі, аталған спорт түрімен айналысатын жастар саны өте көп. Қыз болсын, ұл болсын осындай додаларға қатысуға құштар. Бізді өңір жастарының салуатты өмір салтын ұстанып, спортқа деген қызығушылықтарының зор екендігі қуантады. Ниеті бар жасты неге спортшы қылып тәрбиелемеске?!

Облыстық чемпионатта жеңіске жеткендер келесі айдың бас кезінде Павлодар қаласында өтетін “Ертіс Арланы” республикалық турниріне қатысады.

 

Мәдина Қаби