Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысты. Кеген Ахметұлы Тепличное және Прибрежное ауылдарындағы қорғаныс бөгендерін, Большая Малышка ауылындағы қорғаныс білігін нығайту шараларын қарады. Сонымен қатар, вице-министр Петропавл және Сергеев су тораптарының жұмысымен, Есіл өзенінде мұз жару жұмыстарын жүргізу орындарымен танысып, «Қызылжар су» кәсіпорнының бірінші көтеру станциясын нығайту және жаңғырту барысын бағалады. Сондай-ақ, бөген салуға арналған полипропилен материалы өндірілетін «SMB group Family» серіктестігіне барды.
КЕГЕН ТҰРСЫНБАЕВ, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:
– Біздің міндетіміз – ТЖМ қызметкерлерінің жұмысы мен қызметі үшін барынша қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ, халықты ықтимал табиғи апаттардан қорғау. Инфрақұрылымды нығайтуға, сондай-ақ біздің мамандардың еңбек жағдайларын жақсартуға байланысты бірқатар өзекті мәселе зерделенді. ТЖМ олардың тиімділігі мен төтенше жағдайларға дайындығын арттыру үшін барлық оқу және жедел бөлімшелерді қолдауды және дамытуды жалғастырады.
Сапар соңында халықты және аумақты ықтимал су тасқынынан қорғау мақсатында алдын алу іс-шараларын одан әрі іске асыру жөнінде бірқатар тапсырма берілді, министрдің құтқарушылар жұмысының тиімділігін арттыру, материалдық-техникалық базаны және жеке құрамның қызмет өткеру жағдайларын жақсарту жөніндегі талаптары жеткізілді.
Данаш Хамза