Балалар

Былтыр өңірде 21 бала қамқоршылық ұйымдары арқылы асырап алынған

Елімізде мемлекеттік наградалар, білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі ҚР Заңы шеңберінде қорғаншылық және қамқоршылық органдардың штат санын 2,5 есеге ұлғайту жоспарлануда. Шешім балалардың құқықтарын қорғауды жақсартуға және қорғаншылық жүйесінің жұмысын күшейтуге бағытталған.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі осындай ақпарат жариялады. Бүгінгі таңда өңірлік қамқоршылық органдары қызметкерлерінің саны 303-тен 692 адамға дейін артты. 2025 жылы бұл көрсеткішті айтарлықтай ұлғайту жоспарланып отыр.

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР Оқу-ағарту министрі:

– Жаңа штаттық норма көптеген елдерде теңдесі жоқ бірегей қазақстандық тәжірибе болып табылады. Енді қамқоршылық органдарының әрбір маманы қажетті қолдауды қамтамасыз ете отырып, балалармен және олардың отбасыларымен жақын жұмыс істей алады.

Маман санын арттыру балалар мен олардың отбасыларына көмек көрсетудің қолжетімділігін арттырып, қамқоршылық органдарының жұмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

ДИНАРА АНАФИНА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Қорғаншылық ұйымдары қиын жағдайға тап болған балаларға жәрдем береді. Кейбір ата-аналар балаларына қарамайды, түн ішінде үйде болмайды. Осы жайт ескеріліп, өңірде маман саны артты. Қазір аймақта балалармен жұмыс жүргізетін 29 қызметкер бар.

Бүгінде елімізде 6,8 млн бала тұрады, бұл халықтың үштен бірін құрайды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша құқықтық базаны нығайту бойынша үш негізгі заң қабылданды және біздің кішкентай азаматтарымызды қорғау үшін пәрменді тетіктер енгізілді.

ДИНАРА АНАФИНА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Өңірімізде былтырдан бері психологиялық орталық жұмыс істейді. Онда 47 маман жұмыс істейді. Бізге өткен жылдың жазынан 400-ден астам адам жүгінді. Олардың барлығына методикалық және кеңес түрінде көмек көрсетілді.

Биылдан бастап отбасылық орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасылар енгізілмек. Бұл бастама қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қамқорлық көрсетіп, оларға үй жағдайында қолайлы орта құру мақсатында жүзеге асырылады.

 

Байболат Құлтанов