МТРА жаңалықтары

6637 әскери бөлімінде 190 жауынгер ант қабылдады

Балалық өмір аяқталып, үлкен өмірге қадам басты. Мына тіз қатар тұрған жігіттер үшін бүгін маңызды күн. Олар ант қабылдап, елге адал қызмет ету үшін серт бермекші. Ерғұмыр Съезхан небәрі 18 жаста. Ол Қарағанды облысынан келіп отыр. Тепсе темір үзетін жас үшін әскери өмір та4сық емес. Себебі, ол өз өңіріндегі “Жас ұлан” мектебінде бірнеше жыл білім алған. Сарбаз осы салада өмір бойы қызмет еткісі келеді.

ЕРҒҰМЫР СЪЕЗХАН, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің жауынгері:

– Отан алдындағы борышты өтеу – әр ер азаматтың парызы. Бөлімде бәрі жақсы. Бізге бар жағдай жасалған.

Міне, көптен күткен сәт те келіп жетті. Жауынгерлер біртіндеп “Мен Қазақстан республикасына қызмет етемін” деген ұранмен ант қабылдады.

Салтанатты шарада облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев те бой көрсетті. Ол әр сарбазды құттықтап, болашақта ел қорғаны болатын ер азамат болулары керектігін айтты. Жалпы, шаһардағы 6637 әскери бөліміне жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ге жуық жауынгер келіп, Отан алдындағы борыштарын өтейді.

ДОСАН КҮРКЕНОВ, ҚР ҰҰ 6637 бөлімінің командирі:

– Бүгін 190 жауынгер ант қабылдады. Сарбаздарды 1 жыл бойы темірдей тәртіпке үйрететін боламыз.

Жігіттерді көру үшін алыс-жақыннан олардың туған туыстары жүздеген, мыңдаған шақырымды артқа тастап келіп отыр. Біреуі баласының, енді бірі немересінің ант қабылдағанын көріп, төбелері бір елі көкке жетпей тұр.

Сарбаздар ант қабылдағаннан кейін жақындарымен қауышты. Естеріңізге сала кетейік, 6637 әскери бөлімінің жауынгерлері қала көшелеріндегі және түзету мекемесіндегі тәртіпті қамтамасыз етеді.

 

Нұрасыл Ахмет