Жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Макиенко 99 жасқа толды. Ғасырға таяған ардагерді туған күнімен қала әкімі Серік Мұхамедиев құттықтай барды.
Жауға қасқайып қарсы тұрған кешегі сарбаз ыстық лебіздің негізгі бөлігін далада қабылдады. Ардагер тұратын үйдің ауласында оркестр өнер көрсетіп, туған күн иесінің төбесін көкке жеткізді. Бұл жерде Қорғаныс министрінің құттықтауы да оқылды.
Василий Макиенко – десантшы. Ол соғыста аса күрделі тапсырмаларды орындауға қатысты. Елге оралған соң құрылыс саласында тер төкті, өңіріміздің дамуына үлес қосты. Облыс әкімі ардагерге құттықтау хатын жолдапты. Онда жерлесіміздің сіңірген еңбегі жайлы айтылады
Ардагер 99 жасын қуанышпен қарсы алды. Ол келесі жылы ғасырдың табалдырығын аттағысы келеді.
ВАСИЛИЙ МАКИЕНКО, ҰОС ардагері:
– Бүгін өте қуаныштымын. Жан-жақтан құттықтаулар келіп жатыр. Барлығына алғыс білдіремін. Еліміз аман болсын! Жастар жаман жолмен жүрмесе екен деймін.
Қоса кетейік, бүгінгі күні өңірімізде соғысты бастан өткерген 3 ардагердің көзі тірі.
Байболат Құлтанов