Мемлекет басшысы 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялаған кезден бастап елде еңбек ресурстарын дамытуға назар аударыла бастады. Қазіргі таңда елде кадр тапшылығы байқалып отыр. Облыстағы жағдайды бақылау үшін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев келді. Бүгінде СҚО-да 11 мың студенті бар 24 колледж жұмыс істейді. Тек 11-і жұмысшы мамандарды даярлайды. Ал аймақтағы қызметкерлердің жетіспеушілігі 3 мың адамды құрап отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында қол тапшы.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгінде еңбек ресурстары аймақ экономикасында маңызды рөл атқарады. Бұл бағыт меншік нысанындағы кәсіпорындарда белсенді жұмыс істейтін азаматтар. Жыл сайын 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылуда. Қазір жұмысшы мамандардың өткір тапшылығы байқалуда. Бұл мәселені кешенді шешу бизнестен де, мемлекеттен де талап етіледі.
Тапшылықты жою үшін дуалды оқыту шеңберінде студенттер санын ұлғайту мен мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылдау арттырылмақ. Елде 2025-2027 жылдарға жеке инвестициялар тарту арқылы 270 колледждің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру жоспарлануда. Мәулет Әшімбаев елдегі жаңа Еңбек идеологиясын ілгерілетіп, жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасты өзгерту, әсіресе, жастар арасында беделді ету қажеттігін айтты.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
– Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы, өндіріс және экспорт саласында ерекше орын алады. Осы бағыттарды әрі қарай қарқынды дамыту үшін қосымша еңбек ресурстарына сұраныс болатынын анық. Сол себепті, өңірдің одан әрі дәйекті дамуы үшін бұл мәселеге де үлкен мән беруіміз керек. Осы кездесуге облыста іргелі жобаларды іске асырып жүрген кәсіпорындардың өкілдері мен білікті мамандарын да шақырдық. Олардың да пікірін білу біз үшін маңызды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі нарықты дамыту үшін негізгі факторларды атады. Бұл – экономикалық өсу, инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру мен жұмыс орнының сапасын анықтау. Оның айтуынша, Қазақстанда 2 млн адам «сапалы жұмыс орнында» қызмет етеді.
СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– 2023 жылы біз еңбек нарығын дамыту Тұжырымдамасын қабылдадық, онда сапалы жұмыс орны ұғымын ұсындық. Төрт белгі – бұл, ең алдымен, жалақы медианадан төмен болмауы тиіс, ал бүгінде ол ел бойынша 285 мың теңге. Әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік кепілдіктер сөзсіз орындалуы керек, бұл зейнетақы жарналары, барлық қорларға әлеуметтік аударымдар және еңбек жағдайларының қауіпсіздігі. Тиісінше, біз бүгінгі күні 2 млн-нан астам жұмыс орны туралы айтып отырмыз. Ресми статистикамен айтсақ, бүгінде Қазақстанда 7 млн-нан астам адам жалдамалы қызметкер болып табылады. 7 млн жұмыс орны, оның ішінде 2 млн жұмыс орны сапалы.
Мәулен Әшімбаевпен кездесуге жұмысшы мамандар да келді. Нұртілеу Қадыров 2021 жылы Өзбекстан елінен қоныс аудару бағдарламасы бойынша солтүстікке көшіп, азаматтық алған. Петропавлдағы фанер зауытында слесарь болып қызмет атқаруда. Еңбек адамы Жұмысшы мамандықтар жылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген ниетте.
НҰРТІЛЕУ ҚАДЫРОВ, «Nord Panels» зауытының қызметкері:
– Осы жұмысымның арқасында және де мемлекеттің қолдауымен 3 жылдың ішінде ипотекалық тұрғын үй сатып алдым. Қазіргі уақытта әйелім және екі баламды осында алып келдім. Кіші балам балабақшада, үлкені мектепте білім алып жатыр. Петропавл қаласы бізге өте ұнады. «Биыл, міне, Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмысшылар жылы деп жариялады. Меніңше, бұл жылы бізде үлкен мүмкіндіктер болады және де көптеген қолдау білдіріледі деген ойдамын.
Президент жүктеген тапсырма аясында кәсіптік білім беру процесіндегі кемшіліктер жойылып, кадрлар даярлау сапасы арттырылмақ. Айта кетейік, Қазақстанда барлығы – 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент білім алуда.
“Первый Северный” телеарнасы