Білім

Педагогтар арасында өткен республикалық байқаудың жүлдегерлері

Жүлдегерлер бас қосып, идеяларын талқылады. Кәмшәт Әбішова – Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі. Ол таяу арада Алматы қаласында өткен “Педагогикалық идеялар фестивалі” байқауында 2-ші орын еншіледі. Енді бүгін сол байқауға қатысқан әріптестерімен қайта жолығып, әдістемелерін сабақ барысында қолдануды ұсынды.

КӘМШАТ ӘБІШОВА, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі:

– Фестивальге ұсынған тақырыбым – “Балалардың қазақ ертегілеріне деген қызығушылығын арттыру жолдары” деп аталады. Оны ұсынбас бұрын алдын ала біраз уақыт дайындалдым.

Педагог 3-ші сыныпқа сабақ береді, сыныпта 22 оқушы білім алады. Кәмшат Сырымқызының айтуынша байқауға деп әзірлеген жоба қазақ ертегілеріне негізделген. Әдістемесін қазір де қолданып жатыр, нәтиже бар.

КӘМШАТ ӘБІШОВА, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі:

– Идеяны жазбас бұрын балалар арасында сауалнама жүргіздім. Олардың қазақ ертегілерін дұрыс білмейтіндігін аңғардым. Дайындағалы жақсы нәтижесін көріп жатырмын. Неше түрлі ойындар ойнаймыз, сабақ барысы өте қызықты өтеді.

Жалпы, “Педагогикалық идеялар фестивалі” республикалық байқауына өңірден қатысқан 11 педагогтың 2-еуі – екінші, 3-еуі үшінші орын еншілеген. Ал 2-еуі белсенділіктері үшін грамота алған.

АНАР ҚОСУМБАЕВА, «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы директорының орынбасары:

– Байқауға республиканың түкпір-түкпірінен 227 мұғалім қатысты. Ал өзіміздің өңірде өткен облыстық деңгейдегі байқауда 11 бағыт бойынша 80-нен астам педагог бақ сынаған еді. Осыншама білікті маманның арасынан оза шауып, жүлделі орынға ие болып отырған мұғалімдер – біздің мақтанышымыз.

Аталған байқау республикалық деңгейде 20 жылдан астам уақыт бойы ұйымдастырылып келеді.

 

Мәдина Қаби