Өңірге жұмыс сапарымен Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев келді. Ол ең алдымен облыстық әкімдікте мәслихат депутаттары, облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғамдық және діни бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. Басқосуда ол теріскейдің киелі мекен екендігін айтты. Өлкемізден еліміздің дамуына зор септігін тигізген азаматтар шыққанын жеткізді.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда ауылдардағы адамдардың саны азайып бара жатыр. Бұған себеп – елді мекендердегі жұмыстың жоқтығы. Бұл мәселе Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевты да алаңдатады. Ол өз сөзінде солтүстіктегі ауылдардың барлығы орталықтандырылған сумен және газбен қамтамасыз етілуі қажеттігін баса айтты. Түтіні аз елді мекендерде де шаруа қожалықтарын көптеп ашу керек деді.
Мәулен Сағатханұлы СҚО ауыл шаруашылығы бойынша шоқтығы биік аймақ екенін атап өтті. Оған дәлел – биылғы жылы өңір диқандары қамбаға 6 млн тонна астық құйған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Тағы бір айта кететін жайт, өткен жылы елімізде 39 сүт-тауарлы фермасы салынған. Оның 17-сі біздің өлкеде орналасқан.
Содан соң облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өткен жылы өңірімізде қандай жұмыстар атқарылғандығы жайында баян етіп, биылғы жылға деген жоспарлармен бөлісті. 2025 жылы теріскейде ауқымды 13 өндіріс орны ашылмақ. Нәтижесінде 1300 адам жұмыспен қамтылады. Жиында Ғауез Торсанұлы өткен жылы болған су тасқынының салдарын жою бойынша атқарылған жұмыс ауқымына тоқталып өтті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Облысымызда тасқыннан 4 мыңға жуық баспана зардап шекті. Табиғи апаттың зардабын жоюға 87 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Қиын-қыстау шақта теріскейліктер бірліктің нағыз үлгісін көрсетті. Соның арқасында Петропавл маңынан «Бірлік» шағын ауданы пайда болды.
Ғауез Торсанұлының сөзінше, былтыр облысымыз ел қазынасына 124,1 млрд теңге құюы керек болған. Теріскей бұл міндетті орындап қана қоймай, асып түскен. Яғни, республикалық бюджетке 127,1 млрд теңге кіріс кіргізген. Өткен жылы теріскейде қай сала болмасын қарқынды дамыды. Оның ішінде спорт та бар.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Петропавлдағы «Қарасай» стадионы УЕФА-ның барлық стандарына сай күрделі жөндеуден өтуде. Жалпы, облыста 2024 жылы 36 спорттық нысан ашылды. Оның 28-і ауылдарда орналасқан.
Алқалы жиында түрлі саладағы мәселелер көтерілді. Мәулен Сағатханұлы сол түйткілдерді шешуде барлық деңгейдегі халық қалаулылары жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста болуы қажет деді.
Нұрасыл Ахмет