Мәдениет

Дарынды балалар арасында сольфеджиодан облыстық теориялық олимпиада өтті

Өнерпаз балалар сыналды. “Жас дарын” өнер мектебінде дарынды жастар іріктелді. Петропавлда 4-ші сынып оқушылары арасында сольфеджиодан облыстық теориялық олимпиада өтті. Музыкалық байқауға өңірдегі өнер мектептерінен 7 бағыт бойынша 15-ке жуық бала қатысып отыр. Мария Каторженко Жамбыл ауданының Пресновка ауылындағы Өнер мектебінен келген. Дарынды жеткіншек фортепианоның құлағында ойнайды. Ерекше аспапты таңдағанына 5 жылдай болып қалыпты.

МАРИЯ КАТОРЖЕНКО, байқауға қатысушы, Жамбыл ауданы:

– Бірінші кезең – теориялық, онда мұғалімдер ноталарды ойнайды, ал біз олардың қандай нота екенін табуымыз керек. Екінші кезең қиындау екен. Біз сол ойналған ноталар бойынша диктант жаздық. Бүкіл сыннан сүрінбей өткен сияқтымын.

Әрине, музыкалық аспапта ойнау – кез келген жанның қолынан келе бермейді. Оған асқан тиянақтылық, ыждаһаттылық пен ізденімпаздық қажет. Одан бөлек ырғаққа түсіп, тыңдай білу керек. Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқауға қатысушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл – қуантарлық жайт.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:

– Олимпиаданың басты мақсаты – сольфеджио пәні бойынша оқушыларды дағдыландыру және дарынды балаларды анықтау. Бұл сайысты жылда өткізіп тұрамыз. Ал қатысушы саны жылдан-жылға артуда.

Жеңіске жеткен және жүлделі орынға ие болғандар дипломдармен марапатталды.

 

Мәдина Қаби