Биыл жекеменшік мектептерде оқитын аз қамтылған отбасылардың балаларына әлеуметтік көмек көрсету жұмысы бастау алады. 30 желтоқсанда Президент Білім және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Бұл жайлы бейінді министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
– Негізгі жаңалықтардың бірі – жекеменшік мектептердің 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту. Жаңа бастама 25 мыңнан астам баланы қамтиды. Оны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ, заң мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын оқушылар үшін әлеуметтік қолдау шараларын кеңейтуді көздейді.
Бұрын «Жалпыға бiрдей білім беру» қорынан мектеп керек-жарақтары мен кеңсе тауарларын сатып алуға көмек тек мемлекеттiк мектеп оқушыларына ғана көрсетiлген болатын. Енді ол жекеменшік мектеп оқушыларына да қатысты болады.
ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР Оқу-ағарту министрі:
– Жаңа заң аясында жергілікті атқарушы органдарға меншік нысанына қарамастан, әлеуметтік осал отбасылардың барлық балаларына әлеуметтік көмек көрсету құзыреті беріледі. Бұл – барлық балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Естеріңізге сала кетейік, Президент тапсырмасы бойынша 2023 жылдың қыркүйегінен бастап бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік санаттағы 5-11 сынып оқушылары үшін мемлекеттік мектептерде тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды. Биылғы оқу жылында мемлекеттік мектептерде оқитын 1,7 млн-нан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді. «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында 510 мың оқушыны құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қосымша 22,5 млрд теңге бөлінді.
Байболат Құлтанов