ТЖ

СҚО-да бүтін бір отбасы өрттен ажал құшты

Шал ақын ауданындағы Ступинка ауылында жер үй өртеніп, 5 адам тірідей жанып кетті. Оның үшеуі – бала. Төтеншеліктердің сөзінше, қызыл жалын кеше сағат түнгі 23:30-ға таман бас көтерген. Оттың өршуіне қатты соққан жел себеп болған.

БЕКТҰРҒАН ОМАРОВ, Шал ақын ауданы ТЖБ бастығы:

– Бізге қоңырау келіп түскеннен кейін оқиға орнына бірден жеке құрамды жібердік. Үй 20 минуттың ішінде түгелімен жанып кетті. Себебі, баспана қамыстан жасалған және ескі.

Төтеншеліктер оқиға орнына келген кезде баспана түгелімен қызыл жалынға оранып жатқан. Мамандардың айтуынша, тілсіз жау 104 шаршы метр аумақты шарпыған.

НҰРБЕК НӘБИЕВ, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:

– Қазіргі таңда марқұмдардың жақындарына психиологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Мәйіттерді жерлеу рәсімдеріне аудан әкімі толығымен қолдау көрсетеді.

Оқиға орнына өңір басшысының атынан облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов барды. Марқұм болған үй иесінің қаладағы колледждердің бірінде оқитын баласы бар екен. Облыстық әкімдік тарапынан оған жан-жақты қолдау көрсетіледі.

ТИМУР ӘБДІРЕШ, СҚО әкімінің баспасөз хатшысы:

– Кәмелетке толмаған баласына тегін тамақ және жатақхана берілетін болады. Оқуының ақшасы да төленеді. Марқұмдардың туған-туыстарына да жан-жақты көмектесетін боламыз.

Өрттің шығу себебі қазір анықталып жатыр. Аудандық төтеншеліктердің сөзінше, аталған ауылда өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыс өткен жылдың қазан айында жүргізілген.

 

Нұрасыл Ахмет