Бес бірдей республикалық маңызы бар жол өтетін Қызылжар ауданында суық ауа райына байланысты он жылыту қосыны құрылған. Соның бірі №2 Бескөл орта мектебінде орналасқан. Жолаушыларға арналған уақытша тұрақ спорт залында қанат жайыпты. Мұнда адамдар үшін қажеттінің барлығы бар.
ӘСЕМГҮЛ НҰРСЕЙІТОВА, №2 Бескөл орта мектебі директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:
– Әзірге, 10 төсек-орын қойылды. Әзірге, ешкім келмеді. Қажеттілік туындаса, төсек-орын санын арттыруға дайынбыз.
№2 Бескөл орта мектебінің ұжымы қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетуге машықтанған. Білім ұясында жылда жылыту қосыны құрылады. Онымен қоса, былтырғы көктемде оқу орны эвакуациялық пункт ретінде жабдықталды. Қауырт шақта мектепті 300-ден астам қызылжарлық паналапты.
Осы күндері теріскейлік тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қырағы полицейлер кеше түсте 69 жастағы жүргізушіге қол ұшын созған. Оның Жигулиі “Мамлютка-Қостанай” автолында қирап қалған екен. Салонда темір тұлпар иесінің баласы болған.
ӘДЕМАУ МЕҢДІБАЕВА, СҚО ПД баспасөз хатшысы:
– Жол жиегінде тұрған көлікті полиция қызметкерлері патрульдеу барысында байқап қалған. Тілдесу барысында жүргізуші мамандарға көлігінің істен шыққанын айтыпты. Қызметкерлер өз міндеттерін орындады. Олар бұзылған автомобильді аудан орталығындағы техникалық қызмет көрсету станциясына сүйреп апарды.
Солтүстік Қазақстан облысында жұма күні де ауа райы оң қабақ танытпайды. Сүйектен өтер жел соқпақ, аяз да сақталады.
– Күндіз облыстың солтүстігінде аздаған қар жауады, бұрқасын болады. Облыстың оңтүстігінде, шығысында тұман түседі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың батысында, солтүстігінде екпіні 15-20, кей сәтте секундына 23 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы түнде -25-30 градус аязды құрамақ. Ал күндіз сынап бағанасы -15-20 градусты көрсетеді.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырады. Дауылды ескерту келсе, оған міндетті түрде назар аударған абзал.
ЖАСҰЛАН СӘДУАҚАСОВ, СҚО ПД патрульдік полиция батальонының взвод командирі:
– Алыс жолға шықпауға шақырамыз. Жол жүретін адамдар өздерімен бірге жылы киімдерін алулары тиіс.
Қоса кетейік, бүгінгі таңда аққайыңдар өлкесінде 218 жылыту қосыны құрылған.
Байболат Құлтанов