Өткен аптада жерлесіміз Денис Зиновтың парашаңғыдан Италияда өтіп жатқан Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері атанғанын айтқан болатынбыз. Бүгін теріскейлік толағай Петропавлға оралды. Спортшыны теміржол вокзалынан туыстары, достары мен жаттықтырушылары және облыстық спорт басқармасының өкілдері күтіп алды.
Жерлесіміз ел мерейін асқақтатты десек қателеспейміз. Себебі, жаһандық додадан қос бірдей күміс алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Толығырақ тоқталсақ, Италия төрінде толағайымыз 5 шақырымдық спринтте және 10 шақырымдық жеке сайыста ел қоржынына жүлде салды. Теріскейлік спортшының екі додада чемпион атануына сынық сүйем ғана жетпей қалды.
ДЕНИС ЗИНОВ, Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері:
– Универсиада мен үшін сәтті болды деп айтсам болады. Тек жеңістің ең биік тұғырына шамалы жетпей қалғаныма өкінемін. Себебі, мен мәре сызығына 400 метр қалғанша дейін көш бастап келе жатқан болатынмын. Тек соңғы сәтте чемпионға есе жіберіп қойдым. Әрине, бойымда бір өкініш бар. Бірақ, бұл менің әлемдік додалардағы алғашқы медальдарым болғаннан кейін өте қуаныштымын.
Жерлесіміз парашаңғымен 7 жылдан бері айналысады. Ол өмірде қаншама қиындыққа тап болса да ешқашан мойыған емес. Керісінше, тек алға қарай ұмтылды. Айта кету керек, Денис Зинов қазіргі таңда Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясында білім алады.
АНТОН ЖДАНОВИЧ, Денис Зиновтың жаттықтырушысы:
– Бұл жеңістер Денистің спорттық мансабына зор серпіліс береді. Осы арқылы спортшы болашақта әлемдік додаларда атой салады. Жалпы, онымен бірге мен де Италияда болдым. Жарыс біз үшін қиынға соқты. Себебі, сайыс таулы аймақта өтті. Ондағы ауа да біздікінен өзгеше. Бірақ, біз Туринге ерте барып, климатқа бейімделген болатынбыз. Бұл да біздің жеңіске жетуімізге зор септігін тигізді.
Теріскейлік спортшының демалуға уақыты жоқ. Ол бірер күннен кейін Италияның Валь ди Фиеме қаласында өтетін Әлем Кубогында ел намысын қорғайтын болады. Айта кету керек, бүкіл әлем көз тіккен Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындары бүгін өз мәресіне жетеді. Әзірге, ел құрамасы 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медальмен жалпы есепте 9-шы орында тұр.
Нұрасыл Ахмет