«Көкшетау-Рузаевка» автожолының 142-ші шақырымында алты тонна тауар тиелген «DAF» жүк көлігі жол жиегіне түсіп кеткен. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері оны патрульдеу барысында тауып алған. Тәртіп сақшылары жолдың күтіміне жауапты кәсіпорын мен жергілікті агроқұрылым басшыларына хабарласып, ауыр техника берулерін сұраған. Мамандар екі жүк тиегіш көлік пен К-700 трактордың көмегімен әрең дегенде алып шыққан.
Ал “Жезқазған-Петропавл” трассасының 843 шақырымында полицейлер ВАЗ-2110 автокөлігінің тоқтап тұрғанын байқап қалған. 24 жастағы жүргізушісінің айтуынша, көліктен ақау шыққан екен. Кейін мамандар тоқтап қалған көлікті Есіл ауданының орталығындағы автобөлшектер дүкеніне сүйреп апарған.
– Николаевкаға жете берген кезде көлігім сынды, ГРМ белдігім үзілді. Екі сағат бойы тұрдым. Тіпті, не істерімді де білмедім. Бағыма қарай полицейлер мені аңғарып қалды. Не жағдай болғанын анықтап, Явленкаға дейін апарды. Мамандарға үлкен алғысымды білдіремін. Қиын сәтте келіп көмектескендеріне рахмет.
Полицейлер жүргізушілерден жолға шығарда көліктің техникалық жағдайын тексеріп, жол жүру ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.
Мәдина Қаби