Спорт

Петропавлда жеңіл атлетикадан облыс чемпионаты өтіп жатыр

Облыс орталығында жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан облыс чемпионаты өтуде. Бәсі биік дода шаһарда 2 күнге созылады. Оған облыстың түкпір-түкпірінен 100-ден астам спортшы бақ сынауға келген.

Спортшылар қашықтыққа жүгіру, қарғып секіру, ядро лақтыру, эстафета және көпсайыстан бақ сынауда. Уәлиханов ауданының намысын қорғай келген Алмаз Аблаев жүгіру мен эстафетаға ғана қатысады. Ол жана ғана 60 метрге жүгірді. Төрт адамның ішінен 3-ші болып келді.

АЛМАЗ АБЛАЕВ, жарысқа қатысушы, Уәлиханов ауданы:

– Мен жүгірумен 3 жылдай айналысып келемін. Осы жарысқа 2 айдай дайындалдым. Мені жаттықтырушым Бауыржан Қапаш дайындады.

Әр спортшы жарысқа қатысқаннан кейін тек бірінші орыннан көрінгісі келеді. Ол үшін, әрине, тыңғылықты дайындық пен таудай талпыныс қажет. “Осы қасиеттер бойыңда болмаса, жеңістен үміттеніп те қажет емес”,- дейді Тимирязев ауданынан келген спортшы қыз Елизавета Чашева.

ЕЛИЗАВЕТА ЧАШЕВА, жарысқа қатысушы, Тимирязев ауданы:

– Менің жүгірумен айналысып жүргеніме 8 жылдай болып қалды. Бұл – денсаулыққа өте пайдалы спорт, тыныс алуыңды жақсартады. Облыстық жарысқа қатысамын. Аудандық сайыстардан 1-2-ші орын еншілеймін. Бүгін мен 400 метрге жүгіремін. Әрине, бірінші болып келуге тырысамын. Ертең 800 метр қашықтыққа жүгіреміз.

АЛЕКСАНДР ОКОВАНЦЕВ, бас төреші:

– Спортшылардың жастары 16 мен 17 жас аралығында. Негізі, сайыс жылда ұйымдастырылады. Тиісінше, жылда қатысушылардың саны да артып келеді. Бұл жарысты республикалық чемпионатқа іріктеу деп айтсақ болады. Оза шапқандар кейін ақпан айында өтетін ел чемпионатында бақ сынайтын болады.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, өңірде жеңіл атлетика қарқында дамуда. Облыста осы спорт түрімен балалар мен жасөспірімдер көп айналысады.

 

Мәдина Қаби