Қоғам

Қозыбаев университеті мен “Ауыл” партиясының облыстық филиалы арасында меморандумға қол қойылды

Бүгін М.Қозыбаев атындағы СҚУ-де айтулы оқиға орын алды. Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орны мен “Ауыл” партиясының облыстық филиалы арасында меморандумға қол қойылды. Осы ретте бұл не қылған келісім деген сұрақ туындайды. Меморандум бойынша саяси ұйым студенттердің жұмысқа орналасуына көмек көрсетеді. Осының арқасында жастардың екі қолына бір күрек табылады және өңірдегі серіктестіктердегі кадр тапшылығы жойылады.

ҚАЙРАТ ПІШЕНБАЕВ, “Ауыл” партиясы СҚОФ төрағасы:

– Төрағамыз барлық өңірлік филиалдарда студенттік жасақтарды құруды тапсырған болатын. Осы арқылы біз жастарды еңбекке баулимыз. Біз осымен тоқтап қалмаймыз. Келесі аптада қаладағы 2 колледжбен меморандумға қол қоямыз.

Әділет Сұрағанов – М.Қозыбаев атындағы СҚУ-нің магистранты. Ол оқуын аяқтаған соң өңіріміздегі беделді серіктестіктердің біріне жұмысқа тұрғысы келеді. Жігерлі жастың сөзінше, шаруашылықтарда жалақы өте жоғары. Ол білім ордасы мен партия арасындағы меморандум өзі үшін таптырмас мүмкіндік деп санайды.

ӘДІЛЕТ СҰРАҒАНОВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ магистранты:

– Менің әкем де осы салада жұмыс істейді. Егін егеді. Мен де әкемнің жолын қуғым келеді. “Ауыл” партиясының шараларына 1-ші курстан бері қатысамын. Саяси ұйым бізге үнемі көмек көрсетеді. Былтыр жұмыс таба алмай жүргенде жәрдемдескен болатын. Партияның мен оқитын университетпен келісімге қол қойғанына қуаныштымын. Меморандумның берері мол. Оқуды аяқтаған соң бірден жұмыс табылатынына сенімдімін.

Жалпы, “Ауыл” партиясының өңірлік филиалы жастарға ұдайы қолдау көрсетеді. Мәселен, былтыр ғана “Ауыл жастары” құрылыс жасағын құрған болатын. Саяси ұйым ұл-қыздарға жазда уақыттарын бос өткізбеу үшін жұмыс тауып берді. Ал олардың жалақылары 300 мың теңгеден кем болған жоқ . Айта кету керек, қазіргі таңда “Ауыл” партиясына 4 мыңға жуық солтүстікқазақстандық мүшелік етеді.

 

Нұрасыл Ахмет