Петропавлда аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысы өтті. Аққайыңдар өлкесінің дамуына тікелей үлес қосатын жандардың басы қосылған алқалы жиында былтыр атқарған жұмыс қорытындыланып, ағымдағы жылға арналған басты бағыттар айқындалды. Негізгі баяндамашылар – өңір жетекшісінің орынбасарлары. Алдымен мінберге Қанат Дүзелбаев шықты.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Өңірімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы табысты орындалып, жыл сәтті аяқталды. Былтыр облыстың қысқа мерзімді экономикалық даму индикаторы 120% құрады. Мұндай көрсеткіш соңғы 10 жылда алғаш рет тіркелді. Аққайыңдар өлкесі республикалық тізімнің басына шықты. Бұл – қиынға соққан жылдағы үйлесімді жұмыстың айқын белгісі.
Үйлесімді жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табуы тиіс. Басты мақсат – тізімнің басынан төменге сырғымау және халыққа лайықты жағдай жасау. Бұл тұрғыда Қанат Дүзелбаев негізгі бағыттарды жіпке тізді. Биыл осыларға ерекше назар аударылуы тиіс.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Биыл тіркелген жоғары көрсеткіштерді төмендетпеуге көңіл бөлінеді. Салық түсімдерін ұлғайтуға, инвестицияларды тарту жөнiндегi жұмысты күшейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты және атаулы әлеуметтік көмек алушылардың үлесін азайтуға мән беру керек. Нормативтік жағдайда жолдардың үлесін 95% дейін жеткізуіміз қажет.
Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарының ауыз суға қолжетімділігін 100% жеткізуді тапсырды. Маңызды тапсырма Қазақстанда биыл орындалуы тиіс. Баяндамасында Қанат Дүзелбаев осыны да тілге тиек етті. Сонымен қатар, аймақта электрмен және жылумен жабдықтау желілерінің тозуын азайту қажет. Ауыл шаруашылығы саласында да атқарар жұмыс бар. Былтыр біздің шаруалар мен диқандар 936,8 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл – күллі республикадағы екінші көрсеткіш.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Алдын ала деректер бойынша 2025 жылы егіс алқабы 4,4 млн гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдарға 3,3 млн га бөлінсе, майлы дақылдар 760 мың га өсіріледі. Президент диқандарды отандық өндірістің тұқымымен 80% дейін қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған орай “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы” серіктестігінде селекциялық жұмысқа қарқын қосылды. Қазіргі уақытта орталық іскер жандарға түрлі дақылдардың 10 мың тонна тұқымын ұсынуға дайын.
Тегеурінді техника болмаса, жұмыс істеу қиынға соғады. Теріскейлік шаруалар былтыр көлік паркін 6,1% жаңартқан. Ал биыл көрсеткішті 7% жеткізу көзделіп отыр. Өңірде тауарлық-сүт фермаларының құрылысы жалғасады. Сәтін салса, бірнеше кәсіпорынның таспасы да қиылмақ. Саладағы қуанышты жаңалықтың бірі – «Зенченко и К» КС 8 мың ірі қараға шақталған кешеннің құрылысын бастауы. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі заманауи ферма болмақ.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Импортты алмастыру және құс етін өндіру көлемін ұлғайту шеңберінде “Петропавл бройлері” серіктестігі қуаттылығы 10 мың тонна болатын құс фабрикасын тұрғызуда. Онда 150 жұмыс орны құрылмақ. «Зенченко и К» КС сүт зауытын кеңейтуде. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 36,5 мыңнан 55 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Бұдан басқа, «Eurasian Milk» cеріктестігі қоюлатылған сүт өндіретін цех тұрғызбақшы. Ол жерде 12 мың тонна өнім өндіру көзделіп отыр.
Өңірде іске асатын бұдан бөлек те инвестициялық жобалар бар. Солардың негізгілеріне аймақ басшысының орынбасары Рүстем Құрманов тоқталды. Биыл облыста жалпы құны 96 млрд теңгені құрайтын 13 бастама мәресіне жетеді. Нәтижесінде 1300 адам жұмыспен қамтылады. Олдардың арасында ауыл тұрғындары да болады.
РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Ғ.Мүсірепов ауданында «Қазақстан Бидайы» компаниясы жарма мен үлпек шығаратын зауытты іске қосады. 3,5 млрд теңге қаржы бағытталады. Өңірде саңырауқұлақ фермасы мен компост зауыты сынды жаңа жобалар да қолға алынады. Онда 1200 тоннаға дейін өнім өсіру және өңдеу жоспарлануда. Тұтастай алғанда, 2025 жылдың соңына дейін өнеркәсіп өндірісінде күтілетін көлем шамамен 750 млрд теңгені құрайды, оның ішіндегі 630 млрд астам қаржы өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі болмақ.
Инфрақұрылымдық нысандар бойынша айтсақ, Петропавлда автожол өткелі тапсырылады, қайта жаңғыртылған бірінші көтергіш сорғы станциясы іске қосылып, сумен қамту бағытында маңызды жоба аяқталады. Күзде 2-ші ЖЭО-да жаңа мұржа іске қосылады. Әлеуметтік салаға ойысайық. Бұл бағытта да тындырар жұмыс жеткілікті.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Талдауға сәйкес өңірге 2 мыңнан астам жұмысшы маман керек. Ең үлкен қажеттілік тракторшыларға, электриктерге, дәнекерлеушілерге, сантехниктарға қатысты туындап отыр. Бұл мәселені шешу үшін білім ұяларына қабылданатын жастардың үлесін 39%-дан 45%-ға дейін арттырамыз.
Облыс әкімінің орынбасары казақ тілінің дамуыны қатысты да пікір білдірді. Бүгінде облысымыздағы 444 мектептің тек 27% ана тілімізде сабақ береді. Былтыр орыс тілді 7 білім ұясында қазақ сыныптары ашылған. Биыл бұл көрсеткішті 30% дейін көтеру көзделіп отыр. Жүсіп Жұмағұлов аудан әкімдерін бұл мәселемен тікелей араласуға шақырды. Бұдан соң кезек Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевке келді.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Құрылыс жұмыстарының көлемі 83,8 млрд теңгені құрады. Өсім – 121,6%. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 263,3 млрд теңге, өсім 132,7% құрады.
Серік Мақсұтұлы алдымен өткен жылға тиесілі негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Артынша жоспарды баяндады. Биыл шаһардың су басқан жерлері қайта қалыпқа келтіріледі және көгалдандырылады. “Ойқалада” триатлон паркі мен саябақ тұрғызылады. Іске аудандар көмектеседі. “Берекеде” жайлы мектеп ашылады, “Жас Өркенде” балабақшаның құрылысы басталады, “Қарасай” стадионын жаңғыртудың екінші кезеңі аяқталады.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Үй құрылысының негізгі үлесі жеке инвестициялар есебінен жүргізіледі. Өткен жылы қала әкімдігі қазіргі заманғы тұрғын үй кешендерінің құрылысы бойынша 7 инвестормен меморандумдар жасасты. Осының нәтижесінде шаһарда сәулеттік баспаналар пайда болады. Жол жөндеуге келсек, 2025 жылы 45 көше орташа жөндеу көреді. Оның 42-сі алғаш рет асфальтталады.
Облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысында Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров пен «Радуга» серіктестігі бас директорының бірінші орынбасары Дәурен Катранов та баяндама жасады. Жиынды аймақ басшысы қорытындылады. Ғауез Нұрмұхамбетовтың сөзінше, одан әрі алға басуға мүмкіндік бар. Бүгінде өңіріміз шетелдермен де байланысты нығайтуда.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ресейдің көршілес облыстарымен серіктестік нығайтылуда. Қазақстан мен Ресейдің оныншы өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Омбы облысымен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, аграрлық салаға инвесторларды тарту мақсатында Қытайдың Шэньси провинциясымен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қою маңызды оқиғаға айналды.
Алқалы жиын соңында Ғауез Нұрмұхамбетов орынбасарлары мен басқарма басшыларына, аудан әкімдері мен Петропавл қаласының әкіміне бірсыпыра тапсырма жүктеді. Ол 15 пунктен тұрды. Оның ішінде жастарды, көпбалалы отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейту, шетелдік инвесторларды тарту және кадрларды даярлау үшін білім беру бағдарламаларын енгізу сынды міндеттер бар.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгінгі әкімдік отырысында, биылғы жылға арналған негізгі міндеттер мен мақсаттар талқыланып, жұмыстардың нақты бағыттары айқындалды. Жаңа бастамалар мен жобаларды жүзеге асыру үшін жоғары жауапкершілік қажет. Алға қойылған тапсырмаларды сапалы әрі уақытылы орындау аса маңызды. Біз үшін басты мақсат – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және облыстың дамуына нақты үлес қосу.
Байболат Құлтанов