Оразбай Аймұхамбетов үшін биылғы жыл сәтсіз басталды. Ол Жаңа жыл мерекесін атап өту үшін ауылға барған. Думандатып жүргенде далада көзі ілініп, түн өткізіпті. Нәтижесінде аяқтарының бақайлары үсіп қалыпты. Бүгінде ердің жасынан асқан қала тұрғыны Петропавлда ем алып жатыр.
ОРАЗБАЙ АЙМҰХАМБЕТОВ, қала тұрғыны:
– Қаңтардың 3-ші жұлдызынан бері осы жерде ем алып жатырмын. Күн сайын дәрі ішеміз, екпе аламыз. Тамақтары жақсы, дәрумендер береді. Жақсарып қалдым. Дәрігерлер болмағанда жағдайым мүлде басқаша болар еді. Әзірге, қашан шығатыным белгісіз.
Дәрігерлер Оразбай Аймұхамбетов сынды науқастарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жәрдем береді. Бұның Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысы жоқ.
ДӘУІРЖАН ҚАНЫБЕК, Көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері:
– Біз сақтандырылмаған адамдарға көмек көрсетеміз. Науқастар жедел жәрдем көлігімен келеді. Кейде өздері де келіп жатады.
Мұндағы мамандар күн сайын науқас қабылдайды. Қыс мезгілінде жүгінуші жандардың саны артады. Бұған себеп – суық ауа райы мен көктайғақ.
ДӘУІРЖАН ҚАНЫБЕК, Көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері:
– Жедел медициналық көмек көрсетеміз. Жарақат алу, сыну, шығу жайттары кездеседі.
Көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасы қабырғасында операция да жасалады. Мәселен, былтыр 200-ге жуық адамға ота жасалған.
ДӘУІРЖАН ҚАНЫБЕК, көпбейінді қалалық жедел жәрдем ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері:
– Былтыр 264 науқас емделді. 182 науқасқа ота жасалды. Қазір бөлімшеде 50 адам жатыр. Оның 11-і Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ем қабылдауда.
Қоса кету қажет, дәрігерлер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында шетелдік азаматтарды да қабылдайды.
Байболат Құлтанов