Қаңтардың соңынан бастап ақпан айының соңына дейін планеталар шеруі өтеді. Яғни, осы күндері Шолпан, Марс, Юпитер, Нептун және Сатурнның бәрі аспанның бір жағынан көрінеді. Кейде олардың орналасуы сызыққа да ұқсайды, бірақ үнемі олай бола бермейді дейді астроном Андрей Солодовник. Көбінесе екі немесе үш планета сызық құрайды. Ерекше құбылыс жылына 1-ақ рет болады екен. Оны көктем кезінде немесе қыста байқауға болады.
АНДРЕЙ СОЛОДОВНИК, астроном, М.Қозыбаев атындағы СҚУ оқытушысы:
– Бұл күндері Меркурийден басқа барлық планетаны көруге болады. Кешкі 18:00-ден кейін тымық күндері тіпті анық байқауға болады. Негізі, Нептун көзге көріне қоймайды. Тіпті телескоппен қарағанның өзінде көзге түспейді. Марс басқа планеталарға қарағанда өте жарық, осы аралықта одан сайын айқындала түседі. Ол күндері ай да жарқырап, аспанға ерекше сәуле шашып тұрады.
Көп жерлерде негізі планеталар шеруі 21-і немесе 28-сі қаңтар күндері ғана болады деп жатады. Маманның сөзінше, бұл – жаңсақ пікір. Себебі, аталған құбылыс бір ай бойы жалғасады. Планеталар шеруін аспанның оңтүстік батыс бөлігінен көруге болады.
АНДРЕЙ СОЛОДОВНИК, астроном, М.Қозыбаев атындағы СҚУ оқытушысы:
– Жай күндері планеталардың барлығы шашыраңқы орналасады. Оларды аспанды бірнеше рет шолып, әзер тауып аласың. Мәселен, ақпан айының соңына қарай Юпитер, Сатурн мен Венера бір-біріне жақындай түседі.
Сол кезде олар тіпті анық көрінеді.
Маман аспандағы тылсым құбылысты студенттермен бірге тамашаламақшы. Планеталардың шеруі жайлы жастарға толығырақ әңгімелеп бермекші. Еске сала кетейік, бұл құбылысты тамашалау үшін арнайы құрылғы қажет емес.
Мәдина Қаби