Мәдениет

НЗМ-да “Абай күні” байқауы өтті

Абай Құнанбаевтың туғанына биыл – 180 жыл. Айтулы датаға орай Назарбаев Зияткерлік мектебінде ерекше шара ұйымдастырылды. Байқау “Абай күні” деп аталады. Өнер сайысында мектеп оқушылары Абай туралы қойылым қойып, өлеңдерінен үзінді оқыды.

ЕРАСЫЛ МҰХАМЕТҚҰЛОВ, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы:

– Менің ойымша, Абай Құнанбаевтың шығармашылығы өте маңызды. Өзім де ол кісінің өлеңдерін тыңдаймын, ұнатамын. Мектеп оқушылары болғаннан кейін “Абай жолын”, басқа да кітаптарын оқимыз.

Мектеп ішінде балалар ұлттық киім киіп, біреуі – Абай, бірі әжесі – Зере, енді бірі жұбайы – Әйгерімнің образын сомдады.
Дарынды шәкірттер “Абай жолы” романын жазған Мұхтар Әуезовті де бейнелеуге тырысты. Бүгінгі күнді Абайға арнаған балалар үзіліс арасында сөзжұмбақ шешіп, ақынның өлеңдері мен прозасын мәнерлеп оқудан сынға түсіп, әндерін шырқады.

ЛӘЙЛІМ БОРАНБАЙ, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы:

– Оқушыларға және мұғалімдерге барлығы ұнайды деген ойдамыз. Бұл күнге өте көп дайындалдық. Осының барлығы баршасы үшін пайдалы болады деген сенімдеміз. Бағдарманың бір бөлігінде шаңырақтың 6 оқушысы Абай және оған байланысты кейіпкерлер болып киінді. Мен өзім – Абайдың әйелі Әйгерімнің рөліндемін.

Байқаудың жеңімпаздары Абайдың туған өлкесі Семей өңіріне саяхатқа барады. Мектеп мұғалімдерінің айтуынша бұндай шаралардың кейінгі ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор.

 

Мәдина Қаби