Спорт

“Қуаныш” ВК екінші құраммен павлодарлық “Ертісті” тас-талқан етті

Петропавлда волейболдан әйелдер арасындағы ел чемпионатының 3-ші туры өтіп жатыр. Кеше жергілікті “Қуаныш” пен павлодарлық “Ертіс” командалары өзара күш сынасты. Бір айта кететіні, солтүстікқазақстандық құрама ойынға екінші құрамын шығарды. Яғни, алаңда тек жастар ғана өнер көрсетті.

Ойын бастала салысымен теріскейлік волейбол шеберлері өздерінің фаворит екендіктерін көрсетті. Жастарымыз қонақтардың алаңына ала допты шегеше қадады. Нәтижесінде бірінші кезеңде айқын басымдықпен жеңіске жетті. Есеп – 25-17.

АЗАМАТ ЕСІМОВ, “Қуаныш” ВК бас бапкері:

– Қазіргі таңда турнирлік кестеде 3-ші орында келеміз. 3-ші тур аясында 6 кездесу өткіздік. Оның бесеуінде жеңіске жеттік. Тек “Жетісуға” ғана есе жіберіп алдық. Біздің басты мақсатымыз – наурызда өтетін плей-офф кезеңінде жақсы өнер көрсетіп, чемпионаттың жеңімпазы атану. Сол үшін барымызды саламыз, аянып қалмаймыз. Көктемде Петропавлға алтын медальмен оралғымыз келеді.

2-3 кезеңдерде қонақтар теріскейліктерге айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. Керісінше, қуаныштықтар қарқынды үдете түсті. “Ертіс” ВК-на мүлдем мүмкіндік бермеді десек артық айтқандық емес.

АЯУЛЫМ ТҰРДЫХАНОВА, “Қуаныш” ВК ойыншысы:

– “Қуаныш” ВК-да биыл бірінші жыл өнер көрсетіп жүрмін. Біршама тәжірибе жинақтадым. Қала суық болғанымен, команда ішіндегі атмосфера өте ыстық.

Ойын “Қуаныш” ВК пайдасына шешілді. Есеп – 3 те 0. Осымен ұлттық лиганың 3-ші тур ойындары аяқталды. 4-тур ақпанның 5-11 аралығында Талдықорған қаласында өтеді.

 

Нұрасыл Ахмет