НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Қаңғыбас иттер қай кезде болмасын адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Егер қауып алса, түрлі ауруы ықтимал. Бұл жануарлар жыл сайын көбейіп жатыр. Бұралқы төртаяқтыларды біз көбінесе қала шеттерінен көреміз. Әлеуметтік желілерден қарасақ, ауылдық елді мекендерде де көптеп кездеседі екен.
Көшеде емін-еркін жүрген бір топ қаңғыбас иттердің мына видеосы осыдан 2 күн бұрын желіде желдей ескен болатын. Бұл – Қызылжар ауданындағы Якорь ауылында болған оқиға. Адамды айнала жүрген төртаяқтылар тіпті ересек адамнан сескенбейді. Егер бұл жерде кішкентай балалар жүрсе не болады? Олардың жеткіншектерді қауып алмасына кепіл жоқ.
Арнамыздың түсірілім тобы мән-жайды анықтау мақсатында Якорь ауылына барды. Біз елді мекенді аралау барысында он шақты ғана төртаяқтыны кездестірдік. Бірақ, тұрғындардың сөзінше, қараусыз жануарлар кешке қарай көбейеді екен. Әсіресе, ата-аналар күн қарайғанда мектептен қайтатын балалары үшін алаңдаулы. Тұрғындардың айтуынша, бұл бүкіл Якорьды мазалап отырған өзекті мәселе екен.
– Осыдан 2 жыл бұрын қаңғыбас иттер менің немеремді қауып алған болатын. Сол кезде бірден дәрігерге барып, екпе алған болатынбыз. Содан соң ауылдың учаскелік инспекторына хабарластық. Ол тиісті шаралар қолданды.
– Бұрында қаңғыбас иттерді ататын немесе препараттар беретін. Қазір ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Соның салдарынан ба екен бұралқы төраяқтылар көбейіп жатыр.
– Қабаған иттерді жиі кездестіремін. Мектепке барып-келген сайын жан-жағыма қарап, қорқып жүремін.
Осы мәселе жайында аудандық бейінді бөлімге хабарласып көріп едік, олар бізге сұхбат беруден жалтарып, бір-біріне сілтеумен болды. Содан соң облыстық ветеринария басқармасының мамандарымен сөйлестік. Олар өңір бойынша бұл мәселенің қалай шешіліп жатқанын айтып берді.
МӘДИНА ТЮГУМБАЕВА, СҚО ветеринария басқармасының бас маманы:
– Қаңғыбас жануарларды ұстап алып стерильдейміз. Сонда ғана олардан ауру жұқпайды. 2024 жылы 300 бұралқы итті стерильдедік.
Не аң ауламайды, не үй күзетпейді, адамға да шабуы мүмкін. Бұл қаңғыбас иттер жайлы осылай айтсақ та болады. Бір жағынан жеті қазынаға кіретін бағалы жануарлардың осылай қаңғып жүргенін көріп, көңіл құлазиды.
Нұрасыл Ахмет