Бұл – өңіріміздегі іргелі кәсіпорын “Радуга” ЖШС. Өндіріс орнының шығарған өнімдерін тек облыс тұрғындары ғана емес, қазақстандықтардың бәрі тұтынады десек қателеспейміз. Бұл ретте айтпай кетуге болмайтын бір дүние бар. Серіктестік осыдан 5 жыл бұрын өз қаражатына Бескөл ауылында оқу орнын ашқан болатын. Білім ордасы “Бескөл мектеп-колледжі” деп аталады. Мұндағы студенттер 3 мезгіл тамақпен, шәкіртақы және тегін жатақханамен қамтамасыз етілген. Ең бастысы, ұл-қыздар аяқтағаннан кейін жұмыс іздеп, сандалып жүрмейді. Бірден серіктестіктің фабрикаларының біріне жұмысқа тұра алады. Бұл игі іс өндіріс саласындағы кадр тапшылығын жоюға зор септігін тигізеді.
АЛЕКСАНДР БОДУНОВСКИЙ, “Бескөл мектеп-колледжі” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
– Колледжде студенттер “Станок операторы” мамандығы бойынша білім алуда. Болашақта басқа да мамандық түрлерін ашпақшымыз. Бізде дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Яғни, оқу процесіне колледжбен бірге серіктестік де қатысады. Ұл-қыздар аптаның 4 күнін кәсіпорында өткізіп, тәжірибелерін торлықтырады.
Анастасия Решетняк – “Бескөл мектеп-колледжінің” колледжінің түлегі. Жасы небәрі 19-да. Бұрымды оқу орнын былтыр ғана тәмәмдаған. Бірден “Радуга” серіктестігіне жұмысқа тұрыпты. Нәзікжандының сөзінше, мұндағы жұмыс қиын емес. Кәсіпорындағы білікті мамандар барлығын үйретеді екен. Жұмысқа енді кірген азаматтардың жалақысы 200 мың теңгеден асады.
АНАСТАСИЯ РЕШЕТНЯК, “Бескөл мектеп-колледжі” ЖШС түлегі:
– Менің жұмысым – станокты бақылау. Егер қандай да бір ақаулар шықса, түзетемін. Жұмысым өзіме ұнайды. 300 мың теңгеге жуық жалақы аламын. Егер әрі қарай да жақсы еңбек етсем, жалақым одан сайын өседі. Әріптестеріммен тез тіл табысып кеттім. Өмір бойы осында жұмыс істегім келеді. Себебі, мұнда маған бар жағдай жасалған.
Михаил Шеломенцев – “Бескөл мектеп-колледжінің” 3-ші курс студенті. Жігерлі жас қазіргі таңда кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Ол бізбен тілдесу барысында аталған оқу орнына түскеніне еш өкінбейтінін жеткізді. Михаил кәсіпорында жүріп көп дүние үйренген. Өзін дайын маманмын деп санайды.
МИХАИЛ ШЕЛОМЕНЦЕВ, “Бескөл мектеп-колледжі” ЖШС 3-ші курс студенті:
– Менің “Станок операторы” мамандығын таңдауымның себебі, аталған маман иелері кез келген кәсіпорынға ауадай қажет. Осымен екінші жыл “Радуга” серіктестігінде тәжірибе жинақтап жүрмін. Бір жақсысы, студент болсақ та 50 мың теңге жалақы аламыз. Бұл да бір бізге мотивация болып саналады. Колледждегі тағы бір артықшылық, білім ордасында өткізген 2 жыл тәжірибе ретінде саналып, еңбек кітапшасына енгізілген.
Қазіргі таңда колледжде 83 ұл-қыз білім алады. Ал оқу орны ашылған кезде небәрі 20-дан астам ғана бала болған екен. Осыған қарап, колледждің қарыштап дамып, болашақта өңірімізге танымал білім ордасы болатынына сенім мол.
Нұрасыл Ахмет