Спорт

Теріскейлік спортшылар Қытайда өтетін Қысқы Азия ойындарына қатысады

2025 жылдың басты додасы. Ақпанның 7-сі мен 14-і аралығында Қытайдың Харбин және Ябули қалаларында IX Қысқы Азия ойындары өтеді. Жарыста 32 елден келген 1100-ден астам спортшы 64 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олар 11 спорт түрі бойынша сынға түседі.

ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ҚР Туризм және спорт министрі:

– Қазақстан құрамасы 1996 жылдан бері қысқы Азия ойындарына үзбей қатысып келеді. Дүбірлі додаларда үздік төрттіктің қатарынан түскен емес. 2017 жылы Саппорода Қазақстан 32 медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте 4-ші орынды иеленген болатын. Биыл үздік үштікке кіруді жоспарлап отырмыз. Жалпы, еліміз сары құрлықтың басты додасын бір рет қабылдаған болатын. Байрақты бәсеке 2011 жылы Астана және Алматы қалаларында өтті. Ұлттық құрама дүбірлі додада 32 алтын , 21 күміс, 17 қола медаль жеңіл алды. Бұл – ел тарихында болмаған тарихи жетістік.

Қысқы Азия ойындарында Қазақстаннан 139 спортшы бақ сынайды. Олар биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, тау шаңғысы сынды спорттың 6 түрінен 50 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазіргі таңда ұлттық құрама дүбірлі додаға қызу дайындық үстінде. Спортшыларымыз бір жылдың ішінде 137 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Сонымен қатар, спортшылар 86 халықаралық жарысқа қатысып, 33 медаль жеңіп алған болатын.

ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ҚР Туризм және спорт министрі:

– Ұлттық құраманың дайындығымен тек білікті мамандар ғана айналысуда. Нидерланды, Польша, Словения, Беларусь және Ресейден 9 жаттықтырушы-консультант алдырттық. Шетелдік бапкерлер дүбірлі додадан уыс-уыс медаль алуымызға зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Олар биатлон, конькимен жүгіру, шорт-трек және мәнерлеп сырғанаудан толағайларымызды дайындайды.

Сары құрлықтың басты додасына теріскейлік спортшылар да қатысады. Олар кімдер? Қандай спорт түрлерінен бақ сынайды? Маңызды ақпармен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Нина Усенко бөлісті.

НИНА УСЕНКО, СҚО облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы:

– Қысқы Азия ойындарында өңірімізден 6 спортшы ел намысын қорғайтын болады. Олар: Виталий Щигалев, Надежда Морозова, Әсем Назырова және апалы-сіңлілі Инесса, Алина, Кристина Шумековалар. Олар конькимен жүгіру мен ski-альпинизм спорттары бойынша бақ сынайды. Теріскейлік спортшылардың барлығы жүлдеден үмітті. Толағайларымыз талай байрақты бәсекеден жүлделі оралған. Араларында жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында күміс медаль еншілеген спортшылар да бар. Сары құрлықтың басты додасын келесі жылы өтетін Олимпиада ойындарына дайындық деп те айтуға болады.

Айта кету керек, ел құрамасы 96-жылдан бері Қысқа Азия ойындарынан 196 иедаль жеңіп алған. Оның 78-і алтын, 62-сі күміс, 56-сы қола.

 

Нұрасыл Ахмет