Петропавлда ордабұзар жастағы үшеу адамдарды бірінен соң бірін алдап жүрген. 36, 30 және 29 жастағы қала тұрғындары жаңа танысқан адамды бірге арақ ішуге көндіріп, қарызға батырып кеткен. Есін жинаса, депозитіндегі ақша да жоқ әрі атына тауарлық несие рәсімделген. Екіншісі әлеуметтік желіде тұзаққа түскен. Әуелі өзін жас келіншек ретінде таныстырған біреумен сөйлескен. Кейін манағы үшеуі өздерін полиция қызметкеріміз деп айтып ер адамды кездесуге шақырады. Кәмелет жасқа толмаған бойжеткенмен хат алмасқаны үшін қылмыстық қудалауға ұшырайтынын айтып, қорқытқан. Ақшалай сыйақы берсең, мәселені шешіп береміз деп алдаған. Жәбірленуші қорыққанынан 5 млн 700 мың теңгеге тауарлық несие, шағын қаржылық займ рәсімдеген, тіпті депозиттегі қаражатын да берген.
АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:
– Петропавл қаласының 3 тұрғыны ірі алаяқтық жасады деген күдікпен полиция қызметкерлеріне ұсталды. Бір жағдайда олар 3 жарым млн теңге, ал екінші жағдайда 5,7 млн көлемінде шығын келтірді. Қазіргі уақытта тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жолданды. Күдіктілерге 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы тағайындалады.
Мәдина Қаби