Қазақстанда картоп қымбаттады. Қазір сауда нүктелеріндегі баға бұрынғыдан бірнеше есеге жоғары. Осы орайда «Солтүстік» ӘКК» акционерлік қоғамы тұрғындарды тұрақтандыру қорының тауарын сатып алуға шақырады. Мұнда азық-түлік түрінің 1 келісі 97 теңге тұрады.
ҒАМАЛИ ЖҰМАШЕВ, «Солтүстік» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– 2024 жылы тұрақтандыру қорына азық-түлік алу үшін облыстық қазынадан 2,5 млрд теңге бөлінді. Әлеуметтік маңызды тауарлар 19 аталымнан тұрса, соның 14-і сатып алынды. Ішінде картоп та бар. Бүгінгі таңда қорда 1200 тонна өнім бар. Бұл жоспарланған уақытқа жетеді. Тұрғындарды сабырлық сақтауға шақырамыз.
Бағасы төмен картоп тұрақтандыру қорының Петропавлдағы 7 нүктесінде және Бескөл ауылындағы сауда орнында сатылады. Сонымен қатар, қор қаладағы 50 дүкенмен келісімге келіпті. Мұндай өткізу орындары өзге аудандар да барын қоса кету қажет.
ҒАМАЛИ ЖҰМАШЕВ, «Солтүстік» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– Біздің өнім супермаркеттерге аптасына 3 рет жеткізіледі. Ал тұрақтандыру қорының нүктелеріне күн сайын апарамыз. Келісімге келген дүкендерге өкілдеріміз 2 күнде бір барады. Тағы да айтайын, дүрбелеңге салынудың қажеті жоқ. Картоп жеткілікті. Сапаға келсек, азық-түлік түрінің сапасы тиісті талапқа сәйкес келеді.
Елімізге не себепті картоп қымбаттады? Ғамали Жұмашев бұл сұраққа қатысты пікір білдірмеді. Есесіне, бейінді министрлік ресми ақпар ұсынды.
– Көрші елдердің, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуына және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өсті. Картопқа деген аса жоғары сұраныс ішкі нарыққа әсер еткені атап өтілді. Мәселен, соңғы аптада экспортқа бағытталған өндірушілер арасында бағаның күрт өсуі (170 теңгеден 270 теңгеге дейін) тіркелді.
Осыған байланысты, Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды. Бұл қадам ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында жасалып отыр.
– Бағаның көтерілгенін байқадым. Келісі 160 теңге болды. Сосын ақырын-ақырын өсті. Өзім осы жерге келіп, азық-түлік аламын. Тауар құны төмен.
– Домофон ақысын төлеу үшін келген едім. Жолда осында кіріп, картоп алдым. Өзім басқа жақта тұрамын. Өкінішке қарай, қазір ол жақтағы бағаны білмейді екенмін.
Байболат Құлтанов