Білім

Биыл Қозыбаев университетінің 50 студенті АҚШ-қа барады

Қазақстан жоғары білім беру жүйесін белсенді жетілдіруде. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Аризона университетімен ынтымақтастығы осының жарқын мысалы болып табылады. Тараптар арасындағы берік байланыс 2022 жылы орнады. Бұл еліміздегі ең алғашқы әріптестік ретінде тарихта қалды. Ал былтыр республикада шетелдік білім беру мекемелерінің 26 филиалы ашылды.

МАНСҰР ӘЛІМХАНОВ, Қозыбаев университетінің Басқарма мүшесі:

– Университет жаһандық 50 университеттің қатарына кіреді. Қазіргі таңда бізде 3 бағыт бойынша мамандар даярлануда. Олар: IT, биотехнология және инклюзивті педагогика. Сондай-ақ, осы стратегиялық әріптестік аясында бірлескен білім беру бағдарламалары аясында да кадрлар даярлау жүргізілуде. Ол 11 бағыттан тұрады. Тізім ауыл шаруашылығы, энергетика, коммуникациялар сынды салаларды қамтиды. Тәлім алушылардың саны 1000-ға жақындап қалды. Аризона Университетінен қолдау және жобаларды іске асыру біздің түлектерге еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін айтылғандай, Қозыбаев университетінің студенттері қазақстандық және америкалық диплом алады. Болашақ мамандарға сабақтарды еліміздің, АҚШ, Түркия, Италия және Польшаның жетекші профессорлары өткізеді. 2024 жылы қара шаңырақ Аризона университетімен және қытайлық жоғары оқу орнымен бірлесіп, ирригация және азық-түлік қауіпсіздігі проблемаларын шешу үшін су ресурстарының ғылыми орталығын құрды.

МАНСҰР ӘЛІМХАНОВ, Қозыбаев университетінің Басқарма мүшесі:

– Бұдан басқа, біз өңірлер мен көршілес елдерде: Өзбекстан, Қырғызстан мен Ресейде рекрутинг жүргіземіз. Шетелдік студенттерді тарту үшін білім беру көрмелеріне қатысамыз. Бүгінде біздің университетте 11 ғылым докторы, 44 философия докторы және 98 ғылым кандидаты сабақ береді. Яғни, университеттің бірегей ғылыми базасы бар. Бұл алға нық қадам жасауға сенімді мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Аризона Университетімен ынтымақтастық аясында студенттер АҚШ-тың Тусон қаласындағы кампуста 1 семестр білім алады. 2025 жылы 40 студент мұхит аспақ. Ұшу мен тұруды қоса алғанда, барлық шығынды университет төлейді.

 

Байболат Құлтанов