Құқық қорғау органдары

Үш петропавлдықтан қымбат жылжымайтын мүлік пен көліктер тәркіленді

Петропавлда қапқа сыймас қаржыны көлденең жолмен иеленген қылмыстық топ мүшелері сот тағайындаған жазаны өтеуде. Екі жеп биге шығуды көздеген жергілікті тұрғындар цифрлық активтердің немесе криптовалютаның заңсыз айналымымен айналысқан.

Заңсыз ақша айналымының жалпы көлемі 700 млн теңгеге жуықтайды. Бұл қылмыстық іспен СҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері жарты жыл айналысты. Қорытындыға сүйенсек, үш сотталушы тиісті лицензиясыз криптовалюта қабылдау және айырбастау операцияларын жүргізген.

ВИКТОРИЯ АЛПЕЕВА, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы:

– Олар криптовалюта биржаларынан алынған қаражатты пайдаланып, криптокошелек арқылы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен айырбас операцияларын жүзеге асырған. Қазақстан Республикасының аумағында қызметі тыйым салынған криптобиржалар арқылы жасалған бұл операциялар заңсыз болды. Заңсыз айырбас операциялары нәтижесінде схеманы ұйымдастырушылар цифрлық активтерді ұлттық валютаға айырбастаған. Жалпы айналым сомасы 681 млн теңгеден асады.

Қулар 380 адаммен криптовалюта бойынша транзакциялар жасаған. Бұл іс-әрекет банктік шоттардан алынған үзінділермен расталды. Айта кетерлік жайт, пысықай петропавлдықтардың ойын жүзеге асыруға өзге елдердің адамдары да ат салысқан.

ВИКТОРИЯ АЛПЕЕВА, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы:

– Сот үш күдіктіге қатысты шешім қабылдап, оларды 2,5 жылдан 3,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті, мүліктерін тәркілеуге шешім қабылдады. Құны шамамен 400 млн теңгені құрайтын мүлік тәркіленді, оның ішінде 10 млн теңге көлемінде активтер, 150 млн теңге бағасындағы жылжымайтын мүлік, жалпы құны 213 млн теңге болатын 5 көлік, 12 млн теңге тұратын квадроцикл және қымбат компьютерлік жабдықтар бар.

Департамент өкілдері егер экономикалық құқық бұзушылықтар туралы мәліметтеріңіз болса, «АФМ Insider» телеграм-ботына хабарласуды сұрайды. Ақпарат ұсынушы тұлға жайлы дерек еш жерде жарияланбайды.

 

Байболат Құлтанов