Қоғам

Петропавлда эко-жемшашар жасаған балалар марапатталды

Петропавлда “Қанаттыларға арналған эко-жемшашар” акциясының қорытындысы жарияланды. Аты айтып тұрғандай, экологиялық акцияға қатысушылар құстарға азық салатын дүние әзірледі. Бір қызығы, туындылардың басым бөлігін талантты әрі тұмсықтыларға қамқор балалар әзірледі.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Бұл акцияға қаламыздың жастары, кішкентай балалар мен аға буын өкілдері қатысты. Мақсатымыз – өскелең ұрпақты құстарға қамқорлық танытуға баулу. Шындығына келсек, осынша адам ат салысады деп ойламадық. Әрі кетсе 20-дан аса жемшашар жасалады деп ойладық. Ал бүгін 30-дан астам жұмыс қабылдап отырмыз. Туындыларды көріп, куанып қалдық.

Акция қатысушыларының барлығы марапатталды. Оларға грамота мен естелік сыйлық табысталды. Табысталғанды қапсыра құшақтаған балалар ерекше қуанды.

Акцияға қатысушы баланың бірі – Нұрәли Тілектес. Құстарды жақсы көретін 6 жастағы балдырған жемшашарын ілуге асық. Оның ішіне шемішке салып қойыпты.

ҚАНАТ ҚОЖАХМЕТОВ, қала тұрғыны:

– Балам каратеге барады. Жаттықтырушы ағайы осындай акция өтетіндігі жайлы айтыпты. Біз ұсынысты қабыл алып, 2 күннің ішінде осындай жемшашар жасадық.

Экологиялық акция соңында бірнеше жемшашар Жеңіс саябағындағы ағаштарға ілінді. Қолөнер жұмыстарының басым бөлігін балалар өздерімен әкетті. Ұл-қыздар оларды аулаларындағы жасыл желекке ілмек.

 

Байболат Құлтанов