ҚоғамМәдениет

Мамлют ауданында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай тарихи-өлкетану музейі ашылады

“Күшіміз – бірлікте!”. Мамлют ауданының орталығында осындай атаумен конференция ұйымдастырылды. Жиында сөз сөйлеген аудан басшысы Елена Степаненко әуелі Мамлютка өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасап, 2025 жылға арналған жоспарға тоқталды. Мұнда Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ауқымды іс атқару жоспарланған.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:

– Ауданда сапалы жұмыс орындарын құру бойынша шаралар қабылданады. Кәсіби бағдарлау аясында білім бөліміне аудан кәсіпорындары мен ауылшаруашылық тауарөндірушілермен әріптестік жөнінде меморандум жасасу туралы ұсыныс білдіремін. Келісім аясында жұмыс орнына барып жасалған жағдаймен танысамыз, заманауи техника мен құрал-жабдықтары бар ма екен, соны қараймыз. Ішкі саясат бөлімі кәсіподақ ұйымдарымен, партия мүшелерімен және депутаттармен БАҚ пен әлеуметтік желілерде еңбек әулеттері, еңбек ардагерлері, тәлімгерлер мен жас жұмысшы мамандарды дәріптеу бойынша тиісті жұмыс жүргізуі қажет.

Жиынға ауылдық округ әкімдері, партиялықтар мен депутаттар, диқандар, мектеп директорлары, кеңес төрағалары мен волонтерлер қатысты. Елена Степаненко әрқайсысының қоғамдағы рөліне тоқталып, ынтымақтастықтың зор нәтиже беретінін атап өтті. Ардагерлер ұйымдарының өкілдері қоғамда жалпыұлттық құндылықтарды насихаттап, жастарды адамгершілік-патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге өз үлестерін қосуда. Осы ретте аудан әкімі алдағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында атқарылатын іс-шараларға тоқталды.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:

– Мерейтойлық датаны мерекелеу аясында ауданда бірқатар іс-шара жоспарланған. Мәселен, Мамлютка қаласында аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылады, жауынгерлік даңқ бұрышы құрылады. Ауданда 36 ескерткіш орналасқан. Олардың бәрін жыл сайын қалыпқа келтіріп отыру керек.

Жиын барысында белсенді азаматтық ұстанымы мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып жүрген бірқатар азамат марапатталды.

Марапатталғандардың арасында аудан тұрғыны Күләш Мәженова да бар. Азаматша белсенділігі мен әлеуметтік жауапкершілігі үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

КҮЛӘШ МӘЖЕНОВА, Леденёв селолық округі құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрайымы, Мамлют ауданы:

– Қоғамдық жұмыспен айналысатын адамның өзінің өмірлік ұстанымы болуы керек деп санаймын. Осы ретте Назым Хикметтің айтқанын мысалға келтірер едім. “Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?”. Әр адам кіндік қаны тамған ауылының болашағына немқұрайлы қарамай, өркендеп-өсуіне өз үлесін қосуы керек. Сонда түгел еліміз де дамиды.

Конференция барысында сөз сөйлеген түрлі сала өкілдері ел дамуындағы жалпыұлттық бірліктің маңыздылығына тоқталды.

 

Данаш Хамза