Мәдениет

Бакуден бас жүлдемен оралған талантты жұп

Жарасымды жұп Асхат пен Динара Тауышевалардың дауысы алты қырдан асады. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның белді солистері бәріне бірдей дарымайтын ерекше өнермен көпті тәнті етіп жүр. Жақында Әзербайжан астанасында болып, халықаралық мамандар мен әншілерді мойындатты. 6 елдің 80-нен астам өнерпазын жиған байқауда жерлестеріміздің әрқайсысы жалпы уақыты 25 минуттан тұратын 3 ария шырқапты. Нәтижесінде отағасыға 2-ші орын бұйырған.

АСХАТ ТАУЫШЕВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның солисі:

– Қатты қобалжыдым. Дегенмен, жоғары жетістікке жеттік. Қазылар алқасында Әзербайжанның халық әртісі отырды.

Ал Динара Тауышева Бакуде Бас жүлдені қанжығалады. Осылайша, Академиялық вокал аталымында өнер көрсеткен ерлі-зайыпты елімізге олжалы оралды.

Бүгінде Мәдениет саласының үздігі саналатын жұп – ауылдың тумалары. Асхат Ақжар ауданында дүниеге келсе, ал Динара Аққайың ауданында өмір есігін ашқан. Әзербайжанға жасаған сапар талантты теріскейліктердің тәжірибесін толықтырыпты.

АСХАТ ТАУЫШЕВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның солисі:

– Әзербайжан – әншілерге бай мемлекет. Муслим Магомаев сынды талантты әнші шыққан. Әнші болу үшін дайындалу керек. Өзіміздің диеталарымыз бар. Оны құпия түрде ұстаймыз. Бір кездері ауылда гитара тартып жүрген жігітпін.

Қазір Асхат пен Динара ұстаздық қызмет атқарып жүр. Өздерінің жеке шәкірттері де бар.

АСХАТ ТАУЫШЕВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның солисі:

– 4 шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Арасында өзімнің ұлым бар. Наурыз айында республикалық байқау болады.

Дарынды жұппен Бакуге Ақан сері атындағы облыстық филармонияның концертмейстері Екатерина Лапухина да барған. 20 жылдан астам өнер саласында тер төгіп жүрген азаматша роялдің құлағында ойнап, әр шығарманың сәнін келтірді.

ЕКАТЕРИНА ЛАПУХИНА, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның концертмейстері:

– Бізді тіс қаққан мамандар бағалады. Олардың алдында өнер көрсету қиынның-қиыны дегім келеді. Байқауға аса дайындалмадық. Әзірлікке жоспардағы кештер кедергі келтірді. Жолға шығар күні де осы филармония қабырғасында өткен концертке қатысып, кешке қарай пойызға отырдық. Дегенмен, нәтижеге қуаныштымыз!

Жерлестеріміз Әзербайжан астанасына баруға мүмкіндік сыйлаған облыстық филармония басшылығына алғыс білдіреді. Енді академиялық вокалдың үздіктері Италияға ат ізін салуды көздеп отыр. Ол жақта теріскейлік таланттар білікті мамандардан сабақ алғысы келеді.

 

Байболат Құлтанов