Білім

Тарихы тереңде жатқан колледжде 360 студент жұмысшы мамандықтар бойынша білім алуда

Бүгінде Петропавлдағы Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде жұмысшы мамандықтар бойынша 360 студент білім алуда. Жастар 12 мамандандырылған цехта жұмыс істейді, қолды машықтандырады. Екінші курста оқитын Владислав Малышкин «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығын меңгеріп жатыр. Қолында – қалақ. Арнайы құрылғымен қабырға қалауды үйренуде.

ВЛАДИСЛАВ МАЛЫШКИН, Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Бүгінгі сабағымыз тас жұмыстары технологиясы шеберханасында өтуде. Бұл жерде кірпіш қалау бойынша шеберлік шыңдап жатырмыз. Біздің салада қарапайым қалау және сәндік қалау деген түсінік бар. Соның бәрін колледж қабырғасында үйретеді. Ағаш шеберханасына да барамыз. Онда түрлі туындыны өмірге әкелеміз. Мысалы, балға сабын, киім ілгіш пен орындық сынды дүниелерді жасаймыз. Таңдаған мамандығым өзіме ұнайды.

Колледж түлектері еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Оған қолдарына диплом алған жастардың жұмысқа орналасу көрсеткіші дәлел. Оқу ұясын тәмамдаған қыз-жігіттердің 90%-ы астамы жыл сайын бірден екі қолға бір күрек табады екен.

ЮЛИЯ ЕРЁМОЧКИНА, Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің бөлімше меңгерушісі:

– Колледж қабырғасында оқытудың 60%-дан астамы тәжірибеге негізделген. Яғни, жастар уақыттың басым бөлігін қаладағы құрылыс алаңдарында немесе әлеуметтік серіктестеріміз болып табылатын ірі фирмаларда өткізеді. Ағымдағы оқу жылында жұмысшы мамандықтарды таңдаған студенттердің саны алдыңғы жылдардағыдан басым. Қазір балалардың қызығушылығы жоғары. Мемлекет тарапынан бұдан да көп қолдау болса, талапкерлердің үлесі тіпті басым болары анық.

Бұдан басқа, колледж мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысады. Оқу орны «Жас маман» жобасының арқасында су жаңа заманауи жабдықтармен қамтылды, бұл жоғары деңгейдегі мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта колледжде 9 мамандық пен 16 біліктілік бойынша 1100-ден астам студент оқиды.

АҒЫБАЙ КӨШІМБАЕВ, Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің директоры:

– Оқытудың екінші деңгейі – жұмысшы біліктілігі. Ал үшінші деңгей – орта техникалық оқыту. Бұдан басқа, біз үшінші деңгейге жататын қолданбалы бакалавриат бойынша білім береміз. Бұл бағытты таңдаған студенттер кіші инженер мамандықтарын меңгереді. Бүгінгі қоғамда олар жоғары сұранысқа ие.

Алда атқарар жұмыс ауқымды. Келешекте білім ордасының басшылығы еңбек нарығына жұмысшы мамандарды көптеп шығарғысы келеді. Айта кетейік, Жоғары құрылыс-экономикалық колледжі – елдегі ең көне оқу орындарының бірі.

 

Байболат Құлтанов