Денсаулық сақтау

СҚО-да ең жас нашақор 15 жаста

Облыстық СПИД орталығы мамандарының мәліметінше өңірде ВИЧ-ке шалдыққан 1439 адам есепте тұр.
Өткен жылы жаңа 122 жағдай анықталған. Оның 117-сі ел азаматтары болса, 5-еуі – шетелдіктер. Аталған инфекцияға шалдыққандардың 40 пайыздан астамы 40 пен 49 жас аралығында, 30 пайызға жуығы – 30-дан 39 жасқа дейінгілер. Есепте тұрғандардың басым бөлігі ер адамдар екен. Бұл мәселе бүгін түрлі сала өкілдерінің қатысуымен өткен жиында талқыланды. Мамандар осы ретте алдын алу жұмыстары мен ауруға душар болған жандарды моральдық тұрғыда қолдау туралы айтты.

АЙНҰР НЫСАНОВА, облыстық психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары:

– Біз қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Психологиялық қолдау орталығы жаздан бері жұмыс істеп тұр. Арасында бізге нашаға тәуелді болып қалған, ЖИТС ауруына шалдығып, қиналып жүрген жандар хабарласады. Көп жағдайда қоңырау соғады. Біз оларға психологиялық тұрғыда қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар береміз.

Мамандардың айтуынша емі жоқ дертке шалдыққандардың арасында нашақорлар аз емес.
Жиынға полиция қызметкерлері де қатысты. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Зарина Попова заңда орын алған өзгерістерге тоқталды.

ЗАРИНА ПОПОВА, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

– Еске сала кетейік, жақында есірткі қылмысын жасағандар үшін заң өзгертілді. Есірткі жасырушылар үшін қылмыстық жауапкершілік жеңілдетілді. Ал, ұнтақты өндірушілер үшін керісінше қатаңдатылды. Жасырушылар 8 жылдан 12 жылға дейін сотталса, өндірушілер мен ұйымдастырушылар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болады. Сондай-ақ, прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл үшін 3 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Еске сала кетейік, өткен жылы өңір полицейлері заңсыз айналымнан 770 келі түрлі есірткі тәркілеген. Оның ішінде 8 келісі – синтетикалық түрі. Бір есірткі зертханасының көзі жойылды. Көкшетау, Астана және Алматы қалаларынан синтетикалық есірткі жеткізудің 8 арнасының жолы кесілді.

 

Мәдина Қаби