Петропавлдық тұрғындар бүгінгі таңды үреймен және таңданыспен атырды. Облыс орталығының “Жастар” стадионы орналасқан аумақтағы футбол манежі мен гараждар өртеніп кетті. Алдын ала мәліметтер бойынша, от кешеннің қосалқы нысанында бас көтеріп, лезде тараған.
МАРАТ СЫЗДЫҚОВ, СҚО ТЖД өрт сөндіруді және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары:
– Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен бірден күштер мен құралдар жіберілді. Мамандар шақыру орнына келген кезде поливинилхлоридпен қапталған жабық футбол манежі жанып жатқаны анықтады. Оның көлемі 30 * 72 метрді құрайды. Сонымен қатар, жақын жерде ішінде техникасы бар гараждың да өртенгені тіркелді. Оқиға орнында бірнеше қызметтік көлік жұмыс істеді.
От бас көтерген кезде гаражда 2 трактор мен «Газель» көлігі, сондай-ақ, қызметкерлердің біреуіне тиесілі жеке автомобиль болған. Өкінішке қарай, барлығы жанып кетті. Құтқарушылар мен стадион өкілдерінің айтуынша, адамдарды эвакуациялау жүргізілмеген. Өрт кезінде кешен ішінде ешкім болмапты.
АЙСАРЫ ШӘКІРОВ, «Қызылжар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
– Манеж жабық күйде болды. Күндегі тәртіп бойынша жаттығу 8:30-да басталуы қажет еді. Ал өрт ертерек шықты. Ешкім зардап шеккен жоқ, қызметкерлердің, спортшылардың барлығы аман-сау. Кешен 2021 жылы қайта жөндеуден өткен. Былтыр төбесін ауыстырдық. Мектебімізде шамамен 500 бала футболмен айналысады, олар – 7-18 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар. Бұл – қаламыздағы жалғыз манеж. Балалардың енді қайда жаттығатыны алдағы уақытта анықталады.
Құтқарушылардың күшімен өрт 9:28-де сөндірілді. Мамандар тілсіз жаумен бір сағаттан астам уақыт бойы алысқан. Оттың шығу себебі мен залал сомасы қазір анықталып жатыр.
Байболат Құлтанов