Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілімен кездесті

БҰҰ Қазақстан Республикасындағы даму бағдарламасының өкілдері бірегей жобаны жүзеге асыру үшін елдің әртүрлі аймақтарын қарастырды. Кейіннен бұл орынға Солтүстік Қазақстан облысы таңдалды. Катаржина Вавьерниа аймақтың тұрақты дамуы үшін бірнеше инновациялық шешім ұсынды. Жобаның құны 2 млн долларды құрайды.

КАТАРЖИНА ВАВЬЕРНИА – БҰҰ Қазақстандағы Даму бағдарламасының тұрақты өкілі:

– Біз ұсынғымыз келетін негізгі пилоттық элемент – ғылыми әдістерге негізделген аумақтық басқарудың кешенді тәсілі. Ландшафттық жоспарлаудың практикалық құралдары бар, олардың негізінде біз аймақ аумағын дамыту бағдарламасын әзірлей аламыз және біздің жоба аясында қолдау көрсете алатын негізгі іс-шараларды анықтай аламыз. Біз Премьер-Министрге осы жобамыздың үлгілі екенін көрсеткіміз келеді.

БҰҰ-ның тұрақты өкілі, сондай-ақ, 170 елмен өткізген тәжірибелерінің үздігін таңдап алып, оларды аймақта енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жоба биосфера, әлеуметтік белсенділік, мемлекеттік басқаруды қоса алғанда кең ауқымды салаларда кешенді жұмыстарды қарастырады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жоба, өзіңіз айтқандай, бірінші кезеңде онша үлкен емес, бірақ, біз үшін өте маңызды. Жобаны жүзеге асыру үшін біздің облысты таңдағаныңыз өте жақсы шешім деп білемін. Облыста осындай ұзақ мерзімді жақсы жоба арқылы Үкімет басшысына көрсете алатын сапалы өнім шығарамыз деп ойлаймын. Солтүстік Қазақстанның әлеуеті зор, біз ортақ жұмысты сәтті атқарамыз деген ойдамыз.

Аймақ басшысы жобаның маңыздылығын айта отырып, қонаққа келгені үшін алғысын білдірді. Инновациялық жұмыстың жүзеге асырылуын облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов қадағаламақ.

“Қызылжар” телеарнасы