Құрылыс жұмыстарына жауапты әкімдік өкілдері өткен жылды қорытындылады. Ол туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Серікжан Шитқанов баяндады. 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту аясында ағымдағы жылы өңірде 330 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның 17-сі – көпқабатты баспана.
СЕРІКЖАН ШИТҚАНОВ, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
– Петропавл қаласында бой көтерді. Оның ішінде 9-ы – коммерциялық, бұл – 501 пәтер, 5-еуі кредиттік, жиынтық пәтер саны – 360. Аудандарда 3 баспана салынды. Олар: Тайынша қаласындағы 45 пәтерлік, Сергеевка қаласындағы 27 пәтерлік және Булаев қаласында 45 пәтерлік нысан. Сондай-ақ, облыс бойынша жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету аясында халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 400-ге жуық отбасыға пәтер сатып алынды.
Жалпы, 2024 жылы жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алуға 5,8 млрд теңге сомасында қаржы бағытталған. Тағы да жақын уақытта әлеуметтік осал отбасылар үшін 145 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Оған мемлекеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Өңірде өткен жылы медициналық нысан құрылысы да қарқынды жүргізілді. Елді мекендерде 40-қа жуық емдеу орны салынған.
СЕРІКЖАН ШИТҚАНОВ, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
– 38 нысанның 16-сы – фельдшерлік-акушерлік, 22-сі медициналық пункт болып саналады. Бұның бәрі – 12 ауданда атқарылған жұмыс. Ұлттық жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 6 млрд теңге қаржы бөлінген.
Қоса кету қажет, Петропавл қаласындағы Интернационал мен Астана көшелері қиылысқан аумақта салынып жатқан 18 қабатты қос көпқабатты үйдің құрылысы осы жылдың соңында аяқталады.
Мәдина Қаби