ТКШ

Биыл өңірде сумен қамту жұмыстарын жүргізуге 12 млрд теңге қарастырылған

«AMANAT» партиясының облыстық филиалында 20 мыңға жуық тұрғыны бар 86 ауылды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі талқыланды. Бұл мәселе партиялық сайлауалды бағдарламада қамтылған. Жиынға Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов, облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев пен сумен қамтушы кәсіпорындардың өкілдері қатысқан. Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев 2025 жылы өңірде сумен қамтуға арналған жобаларды жүзеге асыруға 12 млрд теңге қарастырылғанын айтты.

ДАНИЯР ҚУАНЫШБАЕВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– 88 елді мекенді 37 ауылда орталықтандырылған сумен қамту жүйесін салу арқылы қамту жоспарланып отыр. Соның ішінде 8 ауылда 4 ауыспалы жоба бойынша қажеттілік республикалық бюджеттен 560 млн, ал облыстықтан 200 млн теңгені құрайды. Қолдау тапқан 18 жобаға республикалық бюджеттен 11 млрд, облыстықтан 1,3 млрд теңге қажет. Қаржыландырылмаған 9 жоба бойынша 11 ауылда республикалық бюджеттен 6,2 млрд, ал облыстықтан 711 млн теңге қаражат керек.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 41 елді мекенде 37 жобаны жүзеге асыруға 10,4 млрд теңге бөлінген.
Оның игілігін 257 мыңнан астам ауыл тұрғыны көріп отыр. Өңірде сумен қамтылмаған ауыл саны – 88, ондағы тұрғындардың саны 7 мыңнан асады. 37 елді мекендегі жобалардың іске асырылуы Преснов, Көкшетау, Есіл және Булаев топтық су құбырларының құрылысына байланысты.

 

Мәдина Қаби