Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жылы аясында бейінді министрлік дәрігерлер, фельдшерлер, мейіргерлер, медициналық жоғары оқу орындары мен колледж оқытушыларының білімі мен кәсіби дағдыларын арттыру бойынша «Кадрлық қолдау: теңгерім және қолжетімділік» кешенді жоспарын әзірледі. Мемлекет басшысы 2025 жылы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде денсаулық сақтау саласында практикаға бағдарлана отырып, медициналық колледждердегі білім беру бағдарламаларының деңгейіне және орта медициналық персоналдың кәсіби құзыреттеріне ерекше назар аударылатын болады. Жоспар 5 негізгі бағыттан тұрады.
МСАК мамандарының біліктілігін арттыру іс-қимылдарының жоспары:
– МСАК мамандарының біліктілігін арттыру бойынша нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру;
– МСАК мамандарының (жалпы практика дәрігерлері мен мейіргелердің) біліктілігін арттыру;
– медициналық жоғары оқу орындары мен медициналық колледждердің профессорлық-оқытушылық құрамының біліктілігін арттыру
– біліктілікті арттыру жүйесін жетілдіру;
– жас мамандарға бейімдеу және тәлімгерлік орталықтарын құру.
Оқытудың жаңа бағдарламасымен 3 жылдан аз жұмыс өтілі бар 2,5 мыңнан астам жалпы практика дәрігерін қамту жоспарлануда. Осы жоспардың шеңберінде 3,5 мыңнан астам мейіргер, медициналық колледждердің 1 600-ден астам педагогы біліктілігін арттырады.
Жаңа курстар 2025 жыл бойы жетекші медициналық орталықтардың, саланың бейінді штаттан тыс мамандарының және білім беру платформаларының қолдауымен ұйымдастырылатын болады. Бағдарлама қатысушылары денсаулық сақтау жүйесінде танылатын біліктілікті арттыру сертификаттарын алады.
Данаш Хамза