Әлемді дүрліктірген метапневмовирус бізге де жетті. Өңірде аталған дертті 5 адам жұқтырған. Олардың вирустың бұл түріне қалай шалдыққаны белгісіз. Мамандар адам метапневмовирусы – көптеген елде ондаған жылдар бойы таралған классикалық вирустардың бірі дейді. Негізгі белгілері – жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу, бас ауруы. Нақты емдеу жоқ, симптоматикалық емдеу қолданылады.
Метапневмовирустан бөлек қазір жедел респираторлық-вирустық инфекция да өршіп тұр. Суық түскелі өңірде аталған дерттің 44 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға аз екен.
ГҮЛИДА ДЖАКЕЕВА, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:
– Науқастардың ең көп саны 14 жасқа дейінгі балалар арасында 29521 жғ. немесе 66% тіркеліп отыр. Соңғы аптада ЖРВИ-ның 2155 жағдайы тіркелді, өткен аптамен салыстырғанда 3%-ға өсім байқалып отыр (2227 жғ.). Облыста тұмауға жатпайтын вирустар таралуда, мысалы: риновирустар – 22 жғ., аденовирустар – 16 жғ., парагрипп – 12 жғ., басқа коронавирустар – 4 жғ., бокавирустар – 3 жғ., метапневмовирустар – 2 жғ. (0-4 – 1 жғ., 30-64 – 1 жғ.).
Өңірде нағыз тұмау да тіркелді. Барлығы – 56 жағдай анықталса, оның 51-і – А типі, қалғаны В типіне жатады.
ГҮЛИДА ДЖАКЕЕВА, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:
– Тұмаумен ауырғандардың ішінен 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 22 жғ., жүкті әйелдер арасында – 2 жғ. тіркелді. Науқастар тұмауға қарсы екпе алмаған. Маусымдық тұмау жоғары температураның кенеттен пайда болуымен, жөтелмен (әдетте құрғақ), бас ауруымен, бұлшықет пен буын ауруымен, қатты әлсіздікпен, тамақ ауруымен және мұрынның ағуымен сипатталады.
Мамандар тұмаудың алдын алуда тиімді әдістердің бірі – вакцинация дейді. Яғни, тиісті екпе аурудың асқынып кетуіне жол бермей, өлім жағдайынан қорғайды. Өңірде бір ай көлемінде жүргізілген тұмауға қарсы иммундау науқаны аясында «тәуекел тобына» жататын 60 000 адамға «Гриппол плюс» вакцинасы егілген.
Данаш Хамза