МӘДИНА ҚАБИ, тілші:
– Қазір ауа райы өте құбылмалы. Күннің бір бөлігінде жылы болса, екінші жартсында аяз көтеріледі. Тұрақтылықтың жоқтығынан қар еріп, көп ұзамай қатады. Соның салдарынан қаншама адам мұзда жығылып, жарақат алуда.
Қалалық көпбейінді жедел жәрдем ауруханасындағы жарақат пунктінің мамандары екі күннің ішінде 150-ден астам адам қабылдаған. Оның 80-нен астамы көшеде тайып құлаған. Арасында аяқ-қолын сындырған, буынын шығарып алған, қатты соққы алып, терісін жырып алғандар да бар. Медициналық көмекке жүгінген жандардың 13-іне шұғыл түрде көмек көрсетілген. 40-тан астамына гипс салынған. Қазіргі таңда емдеу орнындағы жарақат емдеу бөлімшесінде 60-қа тарта адам жатыр.
ЕКАТЕРИНА БЕЛОУСОВА, қалалық көпбейінді жедел жәрдем ауруханасының баспасөз хатшысы:
– Жедел жәрдем ауруханасына көктайғақта құлап түскендерден бөлек үсік шалғандар да түсіп жатыр. Осы екі күннің ішінде екі бірдей адам суықта жатып қалып, аяқ қолын үсітіп ала жаздаған.
Аяз бен көктайғақтың салдары абайламаса, міне, осындай. Қалада коммуналдық қызметтер жылтыраған көше мен тротуардың үстіне құм-тұз қоспасын себеді. Бұл – тайғанаққа қарсы қолданылатын шаралардың бірі. Биыл 3 жарым мың текше арнайы қоспа әзірленген. Сондай-ақ, қар тазалау жұмыстары жүргізілуде.
ӘСЕМ АЙТУЛОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
– Жұмыстардың барлығы түнгі уақытта жүргізіледі. Егер қар көп мөлшерде жауатын болса, онда қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істейді. Ал таңғы 5-тен бастап жаяу жүргінші жолдарын, автобус аялдамаларын, жүретін жолдарға құм-тұз қоспасы себіледі.
Жалпы, қалада қар тазалау жұмыстарына 200-ге тарта техника жұмылдырылған. Оның сапасын жолаушы біледі. Осы орайда тұрғындардың пікірін білдік.
– Тротуарлар өте тайғанақ. Жуырда анам тайып жығылып, қолын сындырып алды. Сондықтан, жаяу жүргіншілер жүретін жолға да құм-тұз қоспасын көбірек себу керек.
– Көктайғаққа қарсы қолданылып жатқан шаралардың сапасы көңілден шығады. Мен үшін айнала аса тайғанақ емес. Жүруге жеңіл. Менің көзімше ешкім құлаған жоқ.
Мәдина Қаби