МТРА жаңалықтары

Петропавлда 7 жасар қыз тері күтіміне арналған өнім әзірлеп шығарды

Айсана Жоламанова – қарапайым алоэ өсімдігінен ерекше косметикалық өнім жасап шығарған озық ойлы оқушы. Өнертапқыш жеткіншек осы жобасымен
республикалық “Зерде” зерттеушілер сайысының қалалық кезеңінде 2-ші орынға ие болған. Бір алоэден ол бірнеше өнім әзірлеген.

АЙСАНА ЖОЛАМАНОВА, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің 2-ші сынып оқушысы:

– Мен бетке арналған маска, сабын, скраб, ваннаға арналған қоспа дайындадым. Өнімдерге “Aloe Ice” деген атау бердім. Терінің кез келген типіне қолдануға болады. Кейін мен өзімнің телеграм каналымды аштым. Өнімдердің сыртына QR басылған. Сілтемемен өтіп, белгілі бір тауар туралы ақпарат алуға болады.

Өнертапқыш жеткіншектің қолдаушысы – анасы. Гүлнәр Нұрмұхамбетова қызының идеясын жүзеге асыру үшін біраз косметологқа жолыққан көрінеді. Өйткені, идея бар, шикізат бар, оны үйлестіру үшін білікті маманның кеңесі қажет.

ГҮЛНӘР НҰРМҰХАМБЕТОВА, Айсана Жоламанованың анасы:

– Ең алдымен косметолог мамандардан сұрайық деген оймен біраз маманға бардық. Олардың көбі кішкентай қыздың мұндай өнімдерін қарай алмаймыз деп қабылдамады. Соңында білікті маман тауып, ол бізге бағыт-бағдар берді. Өнімді бет терісіне қолдана беруге болатындығы жайлы айтты. Құрамына не қосу қажеттігін түсіндірді. Кейбір жерлерін әлеуметтік желіден қарадық.

Негізі, алоэден қолдан косметика жасау идеясы күтпеген жерден пайда болған. Айсананың анасы күнделікті бет күтіміне үйде өсіп тұрған кәдімгі алоэнің нәрін пайдаланады екен. Сосын қызына одан косметика жасауды ұсынған.

ГҮЛНӘР НҰРМҰХАМБЕТОВА, Айсана Жоламанованың анасы:

– Өнімді істеу қиын емес, бірақ, оны жасауға біраз уақыт кетеді.

Алоэ өсімдігінің пайдасы көп екені белгілі, соның бірі әжімді кетіреді, теріні ағартады.

ГҮЛНӘР НҰРМҰХАМБЕТОВА, Айсана Жоламанованың анасы:

– Алоэдан бөлек бұның құрамында бидай, бал, ұн, түймедақ, медициналық саз, су бар. Басында скрабты жеңгем қолданып көрген. еді. Әсері өте жақсы болды.

Айсананың алоэден жасаған өнімдерін алушылар баршылық. Алдағы уақытта анасы екеуі тиісті құжаттарын рәсімдеп, тауарларын сатылымға шығаруды да ойластырып жүр. Ал Айсананың арманы – косметолог болу. Болашақта саланың білікті маманы атанып, туған елін бүкіл әлемге танытқысы келеді.

 

Мәдина Қаби