19 қаңтар күні православтық христиандар «Крещение Господне» мерекесін атап өтеді. Биыл қалыптасқан дәстүрге өзгеріс енгізіліп отыр. Ағымдағы жылы өңір тұрғындарының бәрі бірдей өзен-көлдерде шомылмайды. Бұл жайлы журналистерге аймақтың басты баспасөз алаңында айтылды.
ҚУАТ МАХМЕТОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы:
– Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, суға шомылу және су алу үшін 40 орын дайындалды. Оның 20-сы облыстың өзен-көлдерінде орналасқан. Шомылу және су алу орындарында Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері кезекшілік атқарады. Жоспар бойынша сақтық шарасына 68 адам мен 29 бірлік техника жұмылдырылады.
Облыс аумағында температураның айтарлықтай төмендемеуіне байланысты биыл өзен-көлдерде мұз аса жұқа. Адам көп жиналса, жарылып кетуі мүмкін. Сонымен қатар, судың ағысы қатты. Жергілікті билік осыларды ескеріп, ортақ шешімге келіпті.
СЕРГИЙ ПЕРВУШИН, Петропавл және Булаев епархиясының хатшысы:
– Мереке күні қасиетті суды Петропавлдағы 5 православтық храмнан алуға болады. Сондай-ақ, Қизатов, Алтынсарин және Сәтпаев көшелерінде орналасқан 3 храмда шомылуға рұқсат етіледі. Шомылу 8:30-да басталып, кешкі 17:00-ге дейін жалғасады. Ал су таңғы 9-дан 21:00-ге дейін таратылады. Осыны тұрғындардың барлығы білсе екен дейміз.
Дегенмен, Петропавлда храмда емес, табиғат аясында суға түсуді құп көретін адамдар табылуы мүмкін. Мұндай жандар үшін қалалық әкімдік Қызылжар ауданындағы көлде ойық дайындаған.
ҚАЛИЯ ТӨРЕНОВА, Петропавл қаласының әкімінің орынбасары:
– Баламалы нұсқа Прибрежное ауылы маңындағы Черное көлінде орналасқан. Ол жерге жету оңай емес. Біз осыны ескеріп, Пестрое көліндегі аялдамадан шығатын автобус бөліп отырмыз. Олар тұрғындарды тегін тасиды. Сонымен қатар, шомылу орнында келушілерге ыстық шай беріледі.
Брифингте сөз алғандардың барлығы тұрғындарды өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарап, аса сақ болуға шақырды.
Байболат Құлтанов